375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бүгін Кәркен Ахметовтің туғанына 90 жыл толды

  • 138
  • UPD: 22:57, 26.01.2020

Бүгін қазақ спортының дамуына елеулі үлес қосқан, Қазақ КСР Спорт комитетінің төрағасы болған Кәркен Ахметовтің туғанына 90 жыл.

Ол бұл салаға 1959-1971 жылдары басшылық етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сол жылдары кәсіби спорттың негізі қаланып, республикада стадиондар салынып, «Медеу» мұз айдыны ашылған еді. Ал спортшылар әлемдік додаларда жеңіс тұғырынан көріне бастады.

КСРО-ның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шора Юмашев: «бізді өмірдің өзі шыңдады», - дейді. 85-ке келсе де, ара-арасында спортзалға келіп, жастармен кездесіп тұрады. Ол бүкіл ғұмырын баскетболға арнаған адам. Шора Юмашев Кәркен Ахметов Спорт комитетін басқарып тұрған шақта талай дәм-тұздас болғанын айтады. «Ол спорттың нағыз жанашыры еді», - деп еске алады замандастары.

Шора Юмашев, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Мәскеу Олимпиадасы әлі есімнен кетпейді. Жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров финалға шығып, жеңіске жетті. Олимпида чемпионы атанды. Кәркен Ахметовтың қуанғандығы сонша, жүгіріп шықты да, Жақсылық Үшкемпіровті құттықтап, иығына салып көтеріп, кілемді бір айналып келді.

Кәркен Ахметов спортқа кездейсоқ келген жан емес. Оның ұйымдастыру қабілеті мықты болған. Бірақ қазақстандық спортты биікке көтеру үшін ол да аз еді. Ол үнемі спортшы, бапкерлермен жеке кездесіп, неге мұқтаж екендерін біліп, қандай жағдай жасау керектігін сұрап тұрды. Бірақ уәдені орындау оңайға соқпады. Дегенмен, табандылығының арқасында басшыларды көндіре білді. Нәтижесінде республикада стадиондар салынып, «Медеу» мұз айдыны пайдалануға берілді.

Май Хван, КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

1972 жылы «Медеу» мұз айдыны ашылды. Оған Кәркен Ахметов көп үлес қосты. Осы құрылыстың жайымен ол Қонаев, Брежневке дейін барып, кездесіп тұрды. Біз екеуміз құрдаспыз. Біздің балалық шағымыз ашаршылық пен соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Бірақ спорттың дамуы үшін көп еңбек сіңірді.

Әсіресе, 60-70 жылдары қазақстандық спортшылар халықаралық ареналарға жиі шыға бастады.

Нұрлан Ахметов, Кәркен Ахметовтің ұлы:

- Рим Олимпиадасы кезінде біздің екі жеңіл атлетіміз Тұяқов пен Қосанов күміс медаль ұтып алды. Бұл баға жетпес медальдар еді. Неге? Өйткені ол жылдары қазақ жігіттерінің Олимпиада ойындарында, оның ішінде жеңіл атлетикада жүлдегер атануы үлкен табыс болды. Бұл жетістік қазірдің өзінде көптеген елдер үшін қолжетпес арман. Одан кейін Токио Олимпиадасында палуанымыз Колесов алтын медаль ұтып алды. Әкеміздің кезінде осындай бірқатар жетістіктер болды.

Қазіргі таңда Кәркен Ахметовтің есімімен Алматыдағы Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі аталады. Оқу орнының талай шәкірттері әлемдік додаларда топ жарып жүр.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Алма Оразбаев, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы