Спортшылардың өмірін жалмаған әуе апаттары. Жаға ұстатарлық статистика

Бразилияда футболшылар мінген ұшақ апатқа ұшырап, алты адам қаза тапты. Олардың бесеуі жолаушылар болса, біреуі ұшқыш

Тарихқа көз жүгіртсек, спортшылардың өмірін жалмаған әуе апаттары бір бұл оқиғамен шектелмейді. Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын, 26 қаңтарда АҚШ-тан жеткен қаралы хабар жеткен еді. АҚШ-тың Калабасас (Калифорния штаты) қаласында болған тікұшақ апатынан әйгілі баскетболшы Коби Брайант қаза тапты.

Әуе көлігі Лас-Вирдженске жақын маңайдағы шалғай ауданда жергілікті уақытпен таңғы сағат 10 кезінде апатқа ұшыраған. Бортта баскетболшының 13 жасар Джанна Мария да болған. Тікұшақтағылардың ешқайсысы аман қалмаған.  

* Ал 2019 жылдың 21 қаңтарында аргентиналық шабуылшы Эмилиано Сала мінген жалғыз моторлы ұшақ Ла-Манш бұғазында радардан көрінбей кеткен болатын. Нант қаласынан Кардиффке бағыт алған ұшақтағылардың барлығы қаза тапқан.

2010 жылдан бері француз клубтарында өнер көрсеткен Саланың Уэльс командасына ауысқаны сол еді.

1948 жылдың 18 қарашасында Ла-Манш бұғазында болған әуе апатынан сол кездегі Чехословакия құрамасының алты хоккейшісі көз жұмды. Олар мінген қосмоторлы ұшақ Парижден Лондонға бағыт алған болатын. Себебі құраманы Тұманды Альбионда бірнеше жолдастық кездесу күтіп тұрған. Әуе кемесі қалың тұманнан бағытынан жаңылып, радардан ғайып болған.

* Қайғылы жайт Италия спортын да айналып өтпеген. 1949 жылдың 4 мамырында «Торино» футбол клубының ұшағы Португалиядан қайтып келе жатып Турин қаласына жақын жердегі тау шатқалына соқтығысады. Сұм ажал команданың жүрегі саналған капитан Валентино Маццоланы қоса есептегенде 18 футболшының өмірін қиды. Одан бөлек бақилыққа аттанғандар қатарында тілшілер мен ресми өкілдер және ағылшын бапкері Лесли Ливси бар.

* Арада бір жыл өтпей жатып, 1950 жылдың 5 қаңтарында Свердловскідегі ауа райының қолайсыздығы Ли 2 ұшағының апатқа ұшырауына себеп болып, борттағы КСРО ӘӘК сегіз хоккейшісі, бапкер, дәрігер мен массажист қаза тапты.

* 1958 жылдың 6 ақпанында болған Мюнхендегі әуе апаты – әлемді дүрсілкіндірген оқиға. Британияның British European Airways әуе компаниясына тиесілі Airspeed AS.57 Ambassador ұшағы Мюнхенге жанармай құю үшін тоқтап, қайта бағытын жалғастырмақ болады. Әуеге көтерілу үшін жылдамдықты тиісті деңгейде арттыра алмаған әуе кемесі ұшып-қону жолағының соңында тұрған қақпаға барып соқтығысқан. Еуропа чемпиондары кубогының ширек финалдық ойынында Белградтың «Црвена Звезда» клубымен кездескен «Манчестер Юнайтед» дәл осы ұшақпен үйлеріне оралуы тиіс еді. Тең аяқталған матчта ағылшын клубы жартылай финалға шығуға мүмкіндік алған. Алайда...

Ұшақта болған 44 адамның 24-і көз жұмса, оның ішінде сегіз футболшы, клубтың үш қызметкері мен сегіз тілші бар. Тірі қалған солтүстікирланиялық қақпашы Гарри Грегг жарақаттанған әріптестерінің аман қалуына сеп болды. Одан бөлек танымал бапкер Мэтт Басби мен көшбасшы Бобби Чарльтонның да көрер жарығы бар екен.

* 1960 жылдың 16 шілдесінде Копенгаген қаласының маңындағы Каструп әуежайына қонбақ болған әуе кемесі апатқа ұшырап, сегіз адамның өмірі қиылды. Олардың бәрі Данияның екінші құрамасының футболшылары болатын. Аяқдоп шеберлері Римдегі Олимпиада ойындарына дайындық жүргізіп жатқан. Қайғылы оқиғаға қарамастан Данияның футбол одағы төртжылдықтың басты додасына қатысудан бас тартқан жоқ.

* 1961 жылдың 15 ақпанында Нью Йорк – Брюссель бағытымен ұшып келе жатқан «Боинг 707» ұшағынан ақау шығып, Sabena компаниясына тиесілі әуе кемесінде болған 72 адамның бірде-бірі аман қалған жоқ. Жердегі тағы бір адам да қаза тапты. Борттағы мәнерлеп сырғанаудан АҚШ құрамасы (34 спортшы мен бапкер) Прагадағы әлем біріншілігіне бара жатқан екен. Сол жылы чемпионат өткен жоқ.

* 1961 жылдың 3 сәуірі. Бұл жолы Чили чемпионатының бірінші дивизионындағы оңтүстік аймақтың «Грин Кросс» (Сантьяго) клубы мінген ұшақ Кордильер тауында апат болып, 24 адам көз жұмды.

* Боливияның ең танымал «Стронгест» клубының 19 ойыншысы мен басшысы мінген ұшақ 1969 жылдың 26 қыркүйегінде Анд тауларында апат болады. Команда Ла-Пас қаласына келе жатқан. Өкінішке қарай, 74 адам мерт болып, бұл жайт елдегі ең ірі әуе апаты ретінде тіркелді. Қайғылы оқиғаны көпшілік «Вилокодағы қасірет» деп те атайды.

* 1970 жылдың 1 сәуірінде Краснояр түбінде Ан 24 ұшағы апатқа ұшырап, жолаушылардың барлығы қаза тапты. Олардың арасында волейболдан жастар құрамасы да болған.

* АҚШ-тың Вирджиниясында 1970 жылдың 14 қарашасында тіркелген әуе апаты 37 спортшының өмірін қиды. Олардың барлығы американдық футболдан Маршалл университеті командасының (Хантингтон, Батыс Вирджиния) өкілдері болатын. Бортта жанкүйерлер, спорт кафедрасының жетекшісін қоса есептегенде барлығы 75 адам болса, оның бірде-бірі тірі қалған жоқ.

Жан түршігерлік оқиғадан қаза тапқандарды есте сақтау үшін университет ауласында мемориалды субұрқақ орнатылды. Жыл сайын 14 қарашада ондағы су тоқтатылады. Бұл әуе апатынан қиылған өмірді аңғартады.

* Испанияда жолдастық кездесу өткізуді ұйғарған Алжирдің «Эйр-Ликвид» әуесқой клубының өкілдері Пиреней түбегі еліне жете алмай көз жұмды. Бұл 1970 жылдың 31 желтоқсаны болатын.

* 1972 жылдың 13 қазаны. Чили астанасы Сантьягоны бетке алған Монтевидеонің (Уругвай) регби командасы да өзінің бірқатар ойыншысынан осы тауда болған апатта айырылып қалды. FH 227 ұшағында 45 болса, соның тек 16-сы тірі қалған екен.

* Ұшақ апатынан көз жұмған Грэхем Хилл «Формула-1-ге» қатысатын Embassy Racing with Graham Hill командасының өкілі болатын. Алты адамға шақталған «Пайпер Ацтек» ұшағы Франциядағы жарыстан Лондонға қайтып келе жатқан. Алайда жарты жолда ақаудан жерге құлады.

* 1979 жылдың 11 тамызында болған әуе апаты сол кездегі «Пахтакор» клубының жанкүйерлерін қан жылатты. КСРО чемпионаты аясында «Динамомен» кездесу үшін Минскіні бет алған клуб 8400 метр биіктікте Ту-134 ұшағымен соқтығысып, борттағы 17 ойыншы мен бапкерлер қаза тапты. Қайғылы жайттан соң Өзбекстан командасы еріктілер есебінен күшейтіліп, футболдан КСРО чемпионатының регламентіне «Пахтакордың» үш жыл бойы жоғары лигада орнын сақтап қалу туралы бап енгізілген.

* 1980 жылдың 14 наурызында Варшава түбінде болған әуе апаты да көпшіліктің жадынан шыға қоймаған болар. Себебі ұшақтың жарылуын лаңкестердің ісі деп жорамалдағандар бар. Польшаның Ил-62 әуе кемесінде бокстан АҚШ құрамасының 22 өкілі, оның ішінде 14 спортшы бар. Қаза тапқандардың жалпы саны – 87 адам.

* Ал 1987 жылдың 8 желтоқсанында болған қайғылы жайт «Альянс Лимаға» ауыр соққы болып тиді. Ұлттық чемпионаттан қайтып келе жатып Перуден солтүстікке қарай 6 миль жерде, теңіз үстіне құлаған ұшақта ойыншылар, команда басшылары мен жанкүйерлерді қоса есептегенде 43 адам болған.

* Амстердамнан шыққан ұшақ Суринам астанасы Парамарибо шаһарындағы әуежайға қону кезінде апатқа ұшырайды. Бұл 1989 жылдың 7 маусымы болатын. Көз жұмған 23 футболшы суринам ұлтының өкілдері. Олар атажұртына турнир аясында жергілікті үш клубпен кездесу үшін келе жатқан. 178 жолаушы мен экипаждың 9 өкілінің ішінен небәрі 11 адам тірі қалған.

* Футболдан Замбия құрамасының 18 аяқдоп шебері 1993 жылдың 27 сәуірінде мерт болды. Әлем чемпионатына іріктеу матчтары аясында Сенегалмен кездесуге аттанған Замбия құрамасының ұшағы Габон жағалауы маңында теңізге құлаған.

* 2008 жылдың 24 тамызында Бішкектен (Қырғызстан) Тегеранға ұшқан «Боинг 737» әуе кемесі апат болып, салдарынан 90 адам, оның ішінде волейболдан Иранның жастар құрамасының 10 өкілі қаза тапты.

* 2009 жылғы 15 шілдеде Ереванға аттанған дзюдодан Иранның жастар құрамасы да апатқа ұшырайды. Олар Арменияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, кейіннен Венгрияда өтетін жарысқа қатысады деп жоспарланған еді. Әуе кемесіндегі 168 адамның ешқайсысын аман алып қалу мүмкін болмады.

* 2011 жылы 7 қыркүйекте Ресейдің Ярославль облысындағы «Туношна» әуежайынан аспанға көтерілмек болған Як 42 ұшағы апатқа ұшырап, Минскідегі матчқа баруы тиіс «Локомотив» хоккей клубының өкілдері көз жұмды. Екеуі ғана аман қалған – хоккейші Александр Галимов пен бортинженер Александр Сизов. Алайда 12 қыркүйекте Галимов Мәскеудегі хирургия институтында көз жұмды.

* 2015 жылдың 9 наурызы. Аргентинаның Ла-Риоха провинциясында экстремалды реалити-шоудың түсірілімі кезінде екі тікұшақ бетпе-бет келіп, нәтижесінде он адам көз жұмды: жергілікті екі ұшқыш пен Францияның сегіз азаматы. Ал олардың үшеуі танымал спортшылар: 25 жастағы жүзуші Камиль Мюффа, 28 жастағы боксшы Алексис Вастен және 57 жастағы яхташы Флоранс Арто.

* Колумбияда Бразилияның «Шапекоэнсе» клубы өкілдерінің өмірін жалмаған апат әлі есте. 2016 жылдың 28 қарашасында Боливияның Lamia компаниясының Avro RJ85 лайнері Санта-Крус-де-ла-Сьеррадан шығып, (Бразилия) Медельинге (Колумбия) бағыт алған еді. Өкінішке қарай, ұшақ тиісті жерден 18 шақырым қашықтықта тауға соғылады.

Борттағы экипаждың тоғыз өкілі мен 68 жолаушының арасынан тек алты адам тірі қалды: екі экипаж өкілі – авиамеханик Эрвин Тумири және стюардесса Химена Суарес, футболшылар Данило (кейіннен ауруханада көз жұмды), Жаксон Фолман, Алан Рушел, Нето және Рафаэль Хензель есімді журналист.

Авторы: Мәдина Асылбек