405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жас хоккейші Вилен Прокофьевпен қоштасу «Барыс Аренада» 6 ақпан күні өтеді

  • 427
  • UPD: 10:53, 04.02.2020

18 жастағы қазақстандық спортшы «Снежные барсы» хоккей командасының сапында ойнаған Вилен Прокофьев қатерлі ісіктен көз жұмды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жас қақпашының бұл ауруға шалдыққаны былтыр күзде мәлім болған еді. Жақындары жұрттан жылу жинап, емдетуге тырысқан. Бірақ келте ғұмыр, келешегі кемел жігітті келмеске кетірді.

Қырық – оның бойтұмары. Осы санды спортшы өзі қалап алдырған. Бірақ ғұмыры сол қырыққа жетпеді, келте болды. Небәрі 18 жасында өмірден өтті.

Жасындай жарқ етіп, жоқ болған балаң бейне жанкүйерлердің жадында мәңгі сақталады. Ол көк мұзға үнемі жымиып шығатын. Ол қорғаған қақпа тас қамал болатын.  

Александр Колюжный, «Барыс» ХК қақпашылар бапкері:

– Ол оқуда озат болды. Сурет салып, күйсандықта ойнайтын. Хоккейді қатар алып жүрді. Талантты жігіт еді. Еш уақытта ерінбейтін. Берілген тапсырманы мүдірмей орындауға тырысатын.

Вилен хоккейді бала күнінен сүйді. Басында ермегі болды, кейін бұл спорттан бір елі де ажырамады. Небәрі 12 жасында «Барыс» сапына алынды. Бұғанасын бекітіп, қабырғасын қатайтты. Осы елордада жүріп шыңдалды. Әлем біріншілігіне екі рет қатысып келді.

Александр Колюжный, «Барыс» ХК қақпашылар бапкері:

- Ол жастар арасында өткен әлем біріншілігіне екі рет қатысты. Небәрі 12 жасында ұлттық құрамаға алынды. Болашағынан мол үміт күттірген қақпашы еді. «Барыс» клубының негізгі құрамына алуды көздеп жүргенбіз.

«Снежные барсы» клубының қақпашысы Вилен Прокофьевтің қатерлік ісікке шалдыққаны былтыр күзде анықталған еді. Жомарт жандар еміне қаржы жинап, қол ұшын созған. Іргедегі Ресей, тіпті мұхиттың арғы бетіндегі АҚШ пен Канада спортшылары да қаржылай көмек көрсеткен. Бірақ жас хоккейші Мәскеудегі ауруханада көз жұмды.

Талай шабуылға қарсы тұрған қақпашы батпандап кіріп, мысқалдап шыққан ауруға қарсы тұра алмады. Марқұммен қоштасу осы «Барыс Аренада» 6 ақпан күні өтеді.

Хабар 24 телеарнасы