428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Допингшіл» дәрігермен байланысқан «Астана» велокомандасы дауға қалды

  • 361
  • UPD: 13:00, 05.02.2020

«Астана» велокомандасы төңірегіндегі дау одан сайын ушыға түсті. Бірер күн бұрын еуропалық ақпарат құралдары клуб мүшелерінің атышулы дәрігер Микеле Ферраримен байланысы барын айтқан. Енді ол жайында әлемдік басылымдар да жаза бастады. Ал қазақстандық клуб басшылығы бұның барлығы арандатушылық екеніне сенімді.

Микеле Феррариді спорт саласындағылар жақсы біледі. Бұл дәрігер бір кездері допинг дауына ілігіп, өмір бойы осы қызметпен айналысу құқынан айырылған. Бірақ соған қарамастан әлі күнге дейін кәсіпқой шабандоздармен байланысын үзбепті. Бұл жөнінде даниялық және норвегиялық басылымдар жарыса жазып жатыр. Олар допингке қарсы қордың құпия құжаттарына сүйеніп, атышулы маманмен қарым-қатынаста болған спортшыларды жариялады. Оның ішінде қазақстандық клуб қатарындағы Якоб Фульсанг пен Алексей Луценконың есімдері жүр. 

Бұл құжат 24 беттен тұрады және оны тәуелсіз спорттық мамандар жасаған. Барлық дерек 2019 жылдың жаз айларына қатысты. Кейін Политикен, Верденс Ганг басылымдары мен Дания радиосы тексеріс жұмыстарына қатысы жоқ адамдарды да сөзге тартып көрді. Оның 12-сі Якоб Фульсангтың атышулы дәрігермен жұмыс жасағанын растап отыр. 

Кәрі құрлықтағы тілшілер бұнымен тоқтап қалған жоқ. Кейін Копенгаген университеті спорт және тамақтану кафедрасының профессорымен жолығып, ақпараттың анық-қанығына көз жеткізгісі келіпті. Ларс Найбо расымен де Якоб Фульсанг жетістіктері күмән туғызатынын алға тартады. Өйткені жасы 34-ке жеткен спортшы өткен жылы бірнеше турнирде топ жарды. Тіпті рекорд та жаңартты. Сөйтіп, әлемдік рейтингтің 3-сатысынан бір-ақ  шығып отыр.   

Якоб Фульсанг, «Астана» командасының мүшесі:

- Ферраримен кездесті деген ақпаратты жоққа шығарам. Құпия құжат жайында да білмеймін. Егер ол расымен де допинке қарсы ұйымға қатысты болса, маған қарсы шаралар қолданар еді. Ондай әркеттерді байғап тұрғам жоқ. Сондықтан босқа даурықпау керек.  Осындай мазмұндағы жалған ақпараттың тарап жатқаны өкінішті.                           

Қазақстандық Алексей Луценко да әлеуметтік желідегі парақшасына дәл осындай жазба қалдырған. Артынша «Астана» командасы өз сайтында ресми мәлімдеме жасап, атышулы дәрігермен ешқандай байланыс жоғын растады. Яғни спортшыларға өз еріктерімен көрінген маманнан медициналық кеңес алуға тыйым салынған. Бұған қоса қазақстандық клуб допингке қарсы агенттікпен әріптестік орнатуға әрқашан дайын екенін алға тартады. 

Александр Винокуров, «Астана» командасының  бас менеджері:

- Бұл іске қатысты ешқандай хабарлама алған жоқпыз. Күні кеше команда заңгері велоспорттан халықаралық федерацияға хат жолдады. Егер спортшыларға қатысты тексеріс жүріп жатса біз оны білуіміз керек қой. Бұған қоса, жарыстарға жолдама да берілмес еді. Сондықтан бұның барлығы жай арандатушылық деп есептеймін. 

Расымен де допингке қарсы қор бүгінге дейін ешқандай ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Бірақ даниялық тілшілердің өз жерлестеріне соншалық күйе жаққаны тағы түсініксіз. Егер ақпарат расталатын болса, қазақстандық клуб 2 жыл жарыстан шеттетілетінін алға тартады басылым. Бұл әрине отандық велоспорт үшін үлкен сын болмақ. Әсіресе Алексей Луценко дәл қазір еліміздің бетке ұстар шабандозы және алдағы олимпиадада топ жаруы мүмкін деген санаулы спортшылардың бірі. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Биржан Валиев

Хабар 24 телеарнасы