412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы 5 мектепке қазақ күресі пән ретінде енгізіледі

  • 644
  • UPD: 12:34, 07.02.2020
Елордадағы 5 мектепке қазақ күресі пән ретінде енгізіледі

Мамандар дайындайтын Қазақ күресі академиясы ашылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде айтылды.

«Біздің негізгі мақсат – қазақ күресін әлемдік деңгейге көтеру. Осы жолда ең алдымен қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізуді қолға алдық. Қазіргі таңда қазақ күресінің 100 сағаттық оқу бағдарламасы дайындалды. Ол бағдарламада күрестің әліппесінен бастап, өзіндік спорт түрі ретінде барлық қырлары, оқыту жолдары қамтылған. Алдағы оқу жылы пилоттық жоба ретінде Нұр-Сұлтан қаласында 5 мектепте денешынықтыру пәндеріне қазақ күресі енгізіледі», - деді ҚР қазақ күресі федерациясының президенті Дәурен Абаев.

5-11 сыныптардың оқушыларын кәсіби дайындау жоспарлануда. Ал 1-4 сыныптарға қазақ күресінің акробатикалық жаттығулары үйретіледі. Қазақ күресіне қатыспайтын оқушылар гимнастикаға қатыса алады.

Сондай-ақ барлық мектептің бағдарламасына қазақ күресін енгізу үшін мамандардың жетіспеушілігі туындауы мүмкін екендігін де айтып өтті.

«Сондықтан мамандар дайындайтын Қазақ күресі академиясын ашуды қолға алып отырмыз», - деді Д.Абаев.

Айтуынша, академия мамандарды оқытып қана қоймай, төрешілердің біліктілігін арттырып, ұлттық күрестің ғылыми-практикалық негізінде зерттелуін қамтамасыз етпек.

«Барлық әлемдік спорттар секілді бізде қазақ күресін ғылыми тұрғыдан зерделеуіміз керек. Солай ғана әлемдік деңгейге көтере аламыз», - деді федерация президенті.

Автор: Д.Доспан

Хабар 24 телеарнасы