419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Федерация кубогы: теннистен Қазақстан әйелдер құрамасы финалдық кезеңге өте алмады

  • 692
  • UPD: 10:54, 10.02.2020

Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Федерация кубогының іріктеу кезеңі аясында Бельгиямен кездесті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстандық команда қарсыласқа 3:1 есебімен есе жіберді. Осылайша, ұлттық құрамамыз Будапештте өтетін Федерация кубогының финалдық кезеңіне өте алмай қалды.

Теннистен Федерация кубогының іріктеу кезеңі аясындағы кездесулер аяқталды. Алғашқы ойында жеңіске жеткен отандасымыз Юлия Путинцева командалық тартыстың үшінші ойынында әлемнің 19-ракеткасы Элизе Мертенске жол берді. Қорытынды есеп - 6:1, 7:6. Сөйтіп бельгиялықтар жалпы есепте алға шықты.

Элизе Мертенс, теннистен Бельгия құрамасының мүшесі:

– Юлия Путинцева – жігерлі спортшы. Әсіресе, екінші сетте ол асқан табандылық танытты. Дегенмен тай-брейк кезінде жеңіске жете алдым. Негізі, кездесу өте тартысты өтті. Жалпы өз басым Диас пен Путинцеваны өте жақсы теннисшілер деп есептеймін. Екеуі де Australian Open-нің үшінші кезеңіне дейін жеткен спортшылар. 

Доданың төртінші кездесуінде Зарина Диас Кирстен Флипкенске қарсы кортқа шықты. Алайда 3:6, 4:6 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша төрт кездесу қортындысы бойынша жалпы есеп 1:3 болып аяқталды.

Юлия Путинцева, теннистен Қазақстан құрамасының мүшесі:

– Екінші сетте ойын тең болғанымен, матч соңына қарай маған аздап сәттілік жетіспеді. Қарсыластың жолы болды. Сондықтан кездесу 1:3 есебімен аяқталды.

Ерлан Бекишев, Kazakhstan tennis fans көшбасшысы:

– Кездесулер өте тартысты өтті. Біздің бұрымдылар бәрін салып, намысқа тырысты. Бірақ спорт болған соң, жеңіске тек мықтылар ғана жетеді. Осы жолы біздің жолымыз болмады. Енді алдағы ойындарға дайындалуымыз керек. 6-7 наурыз күндері Голландия құрамасымен кездесеміз.

Марат Баймухаметов, Kazakhstan tennis fans мүшесі:

– Қазақстан мен Еуропаның үздік теннисшілері сынға түскен керемет кездесудің куәсі болдық. Бізге қарсы Үлкен дулыға турнирлерінің ширек финалдарында өнер көрсеткен спортшылар ойнады. Финалдық кезеңге өте алмай қалғанымыз өкінішті, әрине. Десе де, алда талай мүмкіндіктер болатынына сенеміз.

Жалпы бұл сайыста жарқын ойын өрнегін көрсеткен теннисшілеріміз ғана бельгиялық спортсүйер қауымның көңілінен шығып қоймай, өз отандастарын қолдауға келген қазақстандық жанкүйерлер де жұрттың есінде қалды.

Ив Колле, Бельгия құрамасының жанкүйері:

– Өте керемет! Элиза Мертенс тамаша өнер көрсетті. Өз отандастарын қолдауға келген қазақстандық жанкүйерлер де сайысқа ғажап атмосфера сыйлады.

Осылайша Бельгия құрамасы Федерация кубогының финалдық кезеңіне жолдама алды. Енді әлемнің 12 құрамасы қатысатын дода сәуірде Будапешт қаласында өтеді.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Хабар 24 телеарнасы