411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да «Жас сарбаз» әскери-спорттық ойындары басталды

  • 372
  • UPD: 15:44, 13.02.2020
БҚО-да «Жас сарбаз» әскери-спорттық ойындары басталды

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысында «Жас сарбаз» әскери-спорттық ойындары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір апта бойы жоғары сынып оқушылары алғашқы әскери дайындық пәнінде үйренген машық-дағдыларын ортаға салып, азаматтық қорғанысқа қажетті қолданбалы спорт түрлерінен сынға түспек. Атап айтқанда, оқушылар автоматты бөлшектеп шашып-жинау, мергендік сайысы, гранат лақтыру, жаралыға медициналық көмек көрсетумен қатар, теориялық тұрғыда сынақ тапсырмақ. Мақсат – жастарды отансүйгіштікке баулып, қарулы күштер қатарына даярлау дейді ұйымдастырушылар. Сайыстың ашылу рәсіміндегі салтанатты шеруге мектеп командаларымен қатар былтыр құрылған «Жас сарбаз» сыныптарының шәкірттері де қатысты.

Әділет Бақтыгерей, Шаған ауылындағы «Жас сарбаз» сыныбының оқушысы:

– Маған «Жас сарбаз» сыныбы ұнайды. Себебі онда басқа сыныптардан ерекшелігімізді көрсетеміз. Автомат шашқан кезде ең бірінші қиналдық. Сонымен қатар біздерге автоматты атуды үйретті, артқа бұрылу, оң жаққа, сол жаққа жүруді үйретті. Сонысымен маған «Жас сарбаз» қызықты.

Мақсот Мұқанов, облыс әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі кеңесшісі:

– «Жас сарбаз» – азаматтарымызды үлкен тәрбиеге бағыттайтын үлкен іс-шараларымыздың бірі. Сондықтан облыс көлемінде 15 мектепте қазір өз жұмыстарын «Жас сарбаз» сыныптары атқаруда. Соның ішінде 3 қала мектебінде, 12 аудан орталықтарында. Жалпы бұл бүгінгі іс шара - жас ұрпақты қарулы күштердің оң беделін қалыптастыруда және салауатты өмір салтын насихаттауда өткізіліп жатқан іс-шаралардың бірі.

Хабар 24 телеарнасы