429,96 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Барыс» хоккейшілері Ресейдің ЦСКА-сын жеңді

  • 772
  • UPD: 08:10, 14.02.2020
«Барыс» хоккейшілері Ресейдің ЦСКА-сын жеңді

Бүгін елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында Ресейдің ЦСКА командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естеріңізге сала кетелік, ресейлік армияшылар жалпы турнир кестесінде жеке-дара көш бастап келеді. Олардың еншісінде 56 ойыннан кейін 86 ұпай бар. Ал жетінші орындағы «Барыс» 75 ұпайды қанжығаға байлаған. ЦСКА былтыр Гагарин кубогында бас жүлдеге қол жеткізді. Елордалық клуб үшін бүгінгі тартыс оңайға соқпайтыны белгілі еді. Десе де, «Барыс» қарсыласынан қаймыққан жоқ.

Алғашқы минуттан лайықты ойын көрсетті. Қарсыластар қақпасына жиі шабуылдады. Есепті армияшылар ашты. Ойынның 12-минутында ресейлік хоккейші Сергей Толчинский өз командасын алға шығарды. Ал 18-минутта «Барыс» сапынан Корбан Найт таразы басын теңестіріп кетті. Екінші кезеңде қазақстандық команданың басымдығы байқалып тұрды. Елордалық хоккейшілер гол соғатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Ал 35-минутта Линус Виддель «Барыс» командасын алға шығарды. Үшінші кезеңде ЦСКА хоккейшілері ойын тізгінін өз қолына алуға тырысты. Нәтижесінде 48-минутта Клас Дальбек «Барыс» қақпасын дәл көздей білді. Ал 53-минутта елордалық Даррен Диц өзіне бірген мүмкіндікті мүлт жіберген жоқ.

«Барыс» ЦСКА командасынан 3:2 есебімен басым түсті. Осылайша елордалық клуб бес ойын қатарынан жеңіске жетіп келеді. Бұл жеңістен кейін қазақстандық команда жалпы турнир кестесінде алтыншы орынға көтерілді. Бұдан бұрын «Барыс» «Автомобилист» командасын жеңді. Енді «Барыс» елордада үш кездесу өткізеді. Алдымен 15 ақпанда Ресейдің «Сочи», 18 ақпанда «Сибирь» (Новосібір), 21 ақпанда «Салават Юлаев» (Уфа) клубтарымен кездеседі.

Хабар 24 телеарнасы