443,50 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Барыс» хоккейшілері «Сочи» командасын жеңді

  • 185
  • UPD: 20:24, 15.02.2020
«Барыс» хоккейшілері «Сочи» командасын жеңді

Елордалық «Барыс» құрлықтық хоккей лигасында Ресейдің «Сочи» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Нұр-Сұлтанда өткен ойында «Барыс» хоккейшілері басым болды. Кездесу барысында шабуыл шебінде көп көзге түсті. Бұған дейін екі команда 11 рет кездесті. Оның жетеуінде елордалық клубтың мерейі үстем болды. Биылғы додада «Барыс» аталмыш қарсыласынан сырт айдында 4:1 есебімен басым түскен болатын. Биыл «Сочи» сәтсіз ойын көрсетуде. Қазір 56 матчтан кейін 55 ұпай жинап, жалпы турнир кестесінде 18 орында келеді. Әзірге плей-офф кезеңіне жолдама алған жоқ. Ал «Барыс» плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігіне бірнеше тур бұрын қол жеткізіп қойған болатын. «Барыс» сапынан 18-минутта Антон Сагадеев мергендігімен көзге түсті. Ал 21-минутта Кёртис Валк есепті үстемеледі. Бұдан кейін де айдын иелерінің гол соғатын мүмкіндігі болған еді. Десе де келесі голды «Сочи» сапынан Сергей Шмелёв өзінің еншісіне жазды. Ал 48-минутта оның әріптесі Мальте Стрёмвалль таразы басын теңестірді. Жеңіс шайбасын 52-минутта елордалық Дмитрий Шевченко соқты. Осылайша «Барыс» қарсыласынан 3:2 есебімен басым түсті. Олар алты ойын қатарынан жеңіске жетіп отыр.

Бұдан бұрын «Барыс» көш басында келе жатқан Ресейдің ЦСКА командасынан басым түскен еді. Енді «Барыс» елордада екі кездесу өткізеді. Алдымен 18 ақпанда «Сибирь» (Новосібір) командасымен кездессе, 21 ақпанда «Салават Юлаев» (Уфа) клубымен шеберлік байқасады.

Хабар 24 телеарнасы