420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алты ойында жеңіске жетіп, «Сібірден» жеңілген «Барыстың» келесі қарсыласы кім

  • 659
  • UPD: 14:56, 19.02.2020

Құрлықтық хоккей лигасында қатарынан алты ойында жеңіске жеткен «Барыс» «Сібірге» есе жіберді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елордадағы матч овертаймға дейін созылып, 2:1 есебімен ресейлік команданың пайдасына аяқталды. Енді «Барыс» жұма күні «Салауат Юлаевты» қабылдайды. Башқұртстан клубы елорда хоккейшілерінің плей-оффтағы қарсыласы болуы мүмкін.  

Биыл «Барыс» жарап тұр. Елордалықтар құрлықтық хоккей лигасында азу көрсетіп, талай мықтының мысын басты. Ұлттық құрама сапында сәтсіздікке ұшыраған жігіттер бар күшін чемпионатқа сақтаған секілді. Андрей Скабелка шәкірттері плей-офф мәселесін де күні бұрын шешіп тастады. Тіпті шығыс конференциясында топ жаруға да ұмтылып көрді. Кілең легионерлерден құралған алғашқы бестікке үміт артатын команда біріншіліктегі азулы ұжымға айналды. Команданың күшеюіне қақпашы Эдди Паскуалэнің де ойыны әсер етті. Мұхиттың арғы бетінен келген хоккейші «Барыс» сапында 40-тан аса ойынға қатысып, өз шеберлігін паш етті.

Жігер Әзберген, хоккей комментаторы:

– Қазір бір-екі ойын қалды. Сол ойында плей-оффта қалай өнер көрсетеді, соны бір пысықтап алуға мүмкіндік бар. Андрей Скабелка командаға қойған тапсырманы ойыншылар жақсы орындап шықты. Биылғы маусым барысында «Барыс» көбінесе сырт айдында сәтті өнер көрсетіп жатыр. Оны да ескеру керек. Плей-офф кезеңінде ол өте маңызды болады.

Бұған дейін құрлықтық хоккей лигасында қатарынан алты ойында жеңіске жеткен «Барысты» «Сібір» тоқтатты. Айдын иелері «Барыс-аренаға» жиналған 4800 көрермен алдында еркін көсіле алмады. «Сібір» ойыншылары қырағылық танытып, қорғаныста сауатты ойнады. Матчтың 50-минутында қонақтар есеп ашты. Егор Миловзоров «Сібірдің» мерейін үстем еткен еді. Алайда «Барыс» жасыған жоқ. Қайта күшейіп, ресейліктерді өз аймағында тықсырса түсті. Бірақ біразға дейін гол соғудың ретін таппады. Жанкүйерлер де үміт үзіп, кете бастаған болатын. Сосын Линус Виделль белсенді. Швед шабуылшысы кездесудің бітуіне бес секунд қалғанда таразы басын теңестіріп кетті.

Алайда жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Қосымша уақытта Юрки Йокипакка «Барыс» қақпасын дәл көздеп, командасына жеңіс сыйлады. Бір айдан бері жеңілуді білмеген Андрей Скабелка шәкірттерін «Сібір» тоқтатты. Беларусь маманы бұрынғы командасынан айласын асыра алмады. Скабелканың жаттықтырушылық қызметтегі табысты жолы дәл осы Новосібір клубында өткен еді. 2015 жылы ол «Сібірмен» шығыс конференциясының финалына дейін жеткенін айта кетейік. Енді Скабелка сол биікке «Барыспен» баруды көздейді.    

Андрей Скабелка, «Барыс» ХК бас бапкері:

– Біздің хоккейшілер матч соңына қарай өз мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмады. Сондықтан жеңіс қарсы командаға бұйырды. Бүгінгі ойында гол соғу қиын болды. Әрине жігіттер аянып қалған жоқ. Соңғы секундтарға дейін айқасып, бір ұпайға қол создық. Овертаймда көңіл-күйге ерік беріп, қателік жасадық. Матч біздің пайдамызға аяқталуы тиіс еді. Бірақ соңғы сәттерде басымдықты беріп қойдық. 

59 матчтан кейін 80 ұпай жинаған «Барыс» шығыс конференциясында үшінші орынға жайғасты. Елорда хоккейшілері келесі ойынын жұма күні өткізеді. Ел астанасына «Салауат Юлаев» қонаққа келеді. «Барыс» Башқұрстан клубымен плей-офф кезеңінде де жолығып қалуы мүмкін. Себебі қазір «Салауат Юлаев» алтыншы орында тұр.  

Жігер Әзберген, хоккей комментаторы:

– «Салауат Юлаев» немесе «Металлург» дейді. Өз басым «Сібірге» қарсы шыққанын қалар едім. Бірақ қазір «Салауатпен» ойнауға болады. Өйткені «Металлургтың» тәжірибелі бапкері бар.  

«Барыс» плей-ффқа дейін үш ойын өткізеді. Қазір команда сапында жарақатына байланысты Роман Старченко жоқ. Бас бапкер шабуылшының плей-оффқа дейін айдынға оралатынын айтты. «Салауат Юлаевтан» кейін елорда хоккейшілері «Адмирал» мен «Амурға» қонаққа барады. Ал плей-офф кезеңі бірінші наурызда басталады. 

Авторы: Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы