435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандағы бұқаралық спорттың жағдайы көңіл көншітпей тұр

  • 167
  • UPD: 23:04, 24.02.2020

Еліміздегі бұқаралық спорттың жағдайы көңіл көншітпей тұр. Дене шынықтыру және бұқаралық спорт мәселесіне арналған үкімет сағатында мәжіліс депуттары осындай пікір білдірді.

Себебі бүгінгі таңда халықтың тек 30 проценті ғана дене шынықтырумен шұғылданады. Мәжіліс депутаттарының пікірінше, бұл көрсеткішті арттыру үшін инфрақұрылымды ретке келтіріп, халық арасында тиісті насихат жұмысын жүргізу қажет. 

Мәжілісте сөз алған мәдениет және спорт министрі, ауыл тұрғындарының 70 проценті спорт кешендеріне көңілі толмайтынын айтты. Сондай-ақ елдегі мектептердің үштен бір бөлігіне спорт жабдықтары жетіспейді.

Бұл жастарға арналған спорт клубтарын құрмақ түгілі дене шынықтыру сабағын тиісті деңгейде өткізуге мүмкіндік бермейді. Бұқаралық спортты қол жетімді етуге кедергі келтіруші факторлардың тағы бірі – нысандарды жеке меншікке басқаруға тапсыру. Мысалы, өткен аптада Алматы Арена басшылығы жас хоккейшілерге мұз алаңын пайдалануға тыйым салған. Мұндай жағдайларды болдырмас үшін, құзырлы органның басшылығы алдағы уақытта тиісті шара қолданатынын айтып сендірді.   

Ақтоты Райымқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

- Қазіргі таңда мұндай жағдайлар жиі көрініс табады. Яғни жергілікті атқарушы органдар спорт нысандарын жекеменшіктің қолына сенімді басқаруға тапсырғанымен,  олар келісімде көрсетілген шарттарды орындамайтынды шығарды. Бұл ретте әрине нормаларды қайта қарастыруымыз әбден мүмкін. Қазір түрлі ұсыныстар түсіп жатыр. Әрине бұл жергілікті атқарушы органдардың құзырындағы мәселе. Бірақ бұқаралық спортты дамытып, халықтың денсаулығын оңалту бәріміз үшін ортақ мүдде. Сондықтан мамандармен кеңесе отырып, бұл мәселені түбегейлі қарастырып, шешімін табамыз.

Жалпы еліміздегі дене шынықтыру және бұқаралық спортты дамытуға жыл сайын бюджеттен 153 млрд теңге бөлінеді. Қаражаттың дені, яғни 120 миллиардтан астамы жергілікті атқарушы органдардың үлесіне тиеді. Қалғаны орталық органдарға жіберіледі. Бұқаралық спортты дамытуға арналған қаржыға регламент қойылмағандықтан, бұл мәселе назардан тыс қалып қойған. 

Бейбіт Мамраев, ҚР Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің хатшысы:

- Жалпы әлеуметтік саясатты жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органдар, министрліктер демек, және жергілікті органдар – акиматтар демек, жүйелі кешенді жұмысы жоқ екенін бүгінгі үкімет сағат тағы да дәлелдеп отыр. Осы сияқты мәселелер көп. Бірақ нақты әңгіме әлі алда деп ойлаймын.

Бұдан бөлек, мектеп бағдарламасына дене шынықтырудың үшінші сағатын енгізуге білім мекемелері дайын емес екені белгілі болды. Жалпы, Қазақстандағы 1 мың 970 мектепте спорт залы жоқ. Дене шынықтыру пәнін ұйымдастыруға, қазынадан жыл сайын 17 миллиард теңге бөлінгенімен, оның тиімділігі аз, әрі бұқаралық спорттың дамуына қосар үлесі шамалы. Ал, Олимпиада чемпионы, мәжіліс депутаты Ольга Шишигинаның пікірінше, бұқараны спортқа баулу үшін ең алдымен қомақты қаржы емес, ниет қажет.

Ольга Шишигина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгін көтерілген көтерілген орынды мәселелердің бірі – ынталандыру жұмысы. Мәселен, еріктілерді алайық. Олар аптасына бір рет, ең болмаса сенбі-жексенбі күндері бір топ адамды жинап, таңғы жаттығуды ұйымдастырса болар еді. Осындай жаттығуды бір-екі рет өткізгеннен кейін халықтың өзі-ақ осындай шараны жиі өткізуді сұрайтын болады. Міне, сол кезде ғана біз Азия елдері сияқты жаппай дене шынықтыру мәдениетін қалыптастыра аламыз. 

Бүгінде Қазақстан халқының тек 30 проценті ғана тұрақты түрде спортпен шұғылданады. «Бұл көрсеткішті арттыру үшін тиісті заң нормаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет» деп біледі мәдениет және спорт министрлігі. Биылғы жоспар бойынша әзірге 32, ал келесі жылы 55 спорттық кешен салу белгіленген. Оның дені жергілікті атқарушы органдар мен демеушілер есебінен болмақ. Әрине бұл бұқаралық спорт мәселесін шешуге аздық ететін шара. Сол себепті тиімді қаржыландыру тетіктерін іздестіру жауапты ведомстволар еншісіндегі басты мәселе болып қала береді.

Хабар 24 телеарнасы