424,02 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жұлдыздар жылаған күн. Әлем жұртшылығы Коби Брайантпен қоштасты

  • 1037
  • UPD: 14:11, 25.02.2020
Жұлдыздар жылаған күн. Әлем жұртшылығы Коби Брайантпен қоштасты NBA

24 ақпанда «Лейкерс» аренасына жиналған көпшілік тікұшақ апатынан қаза тапқан ұлы баскетболшылардың бірі Коби Брайант пен оның қызы Джианнамен қоштасты. Спортшы мен оның қызының денесі жер қойнауына 7 ақпанда тапсырылған болатын

 Баскетболшымен қоштасуға келгендердің қарасы қалың. Арасында спорт, өнер жұлдыздары да көп. ҰБҚ-ның алты дүркін чемпионы Майкл Джордан сөз сөйлеп жатып көз жасына ерік берді.

«Коби Брайант қаза тапқанда, менің бір бөлігім өлді. Ол менің інім болды. Коби үздік баскетболшы болғысы келді, ал мен ол үшін үлгілі аға болуға тырыстым.

Бұрын Коби түн жарымда хабарласып, орынсыз сұрақтармен мазалағанда ашуым келетін. Соның өзінде де мұның бәрін ол жақсы адам және үздік баскетболшы атану үшін жасап жатқанын білетінмін. Екеуміз бизнес, отбасы, жалпы кез келген тақырыпта әңгімелесе беретінбіз», – деді Джордан.

ҰБҚ-ның төрт дүркін чемпионы Шакил О'Нил Коби екеуінің арасында түсінбестіктер болғанын, соған қарамастан екеуі бір-біріне ерекше құрметпен қарағанын атап өтті: «Бірде Кобиге: «Team (команда) деген сөзде I (мен) деген әріп жоқ дедім». Сондағы оның берген жауабы мынадай: «Иә, есесіне me (мен) бар».

Қоштасу рәсіміне келгендердің арасында Бейонсе, Дженниффер Лопес, Джимми Киммел секілді танымал адамдар болды. Ал Бейонсе Брайнт ерекше сүйіп тыңдаған «XO» әнін орындады.

Ал әйелі Ванесса Брайант сөз алғанда көзіне жас алмаған жан жоқ.

«Коби мен үшін сүйікті жар, балаларымыз үшін қамқор әке болды. Ол мен үшін бүкіл әлем бола білді. Екеуміз 17 жылды бірге өткіздік. Алғашқы сүйіктісі, махаббаты, жұбайы, досы болдым. Оның өмірімдегі орнын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Екеуміздің арамыздағы махаббат дастаны шынымен де ғажап оқиғаларға толы еді. Мүлде бөлек екі адам отбасын құрып, тәп-тәтті қыздар тәрбиеледік.

Джианна әкесінің қызы еді. Мені де қатты жақсы көретін. Сол сезімін жасырған емес. Ол менің құрбыма айналды. Қазір оның әзілдері мен бетімнен сүйгенін сағынып жүрмін», – деді Ванесса Брайант.

Баскетболшы Коби Брайант тікұшақ апатынан қаза болды

Спортшылардың өмірін жалмаған әуе апаттары. Жаға ұстатарлық статистика

Хабар 24 телеарнасы