399,51 448,90 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Манчестер Сити» чемпиондар лигасының 1/8 финалын жеңіспен бастады

  • 229
  • UPD: 12:29, 27.02.2020
«Манчестер Сити» чемпиондар лигасының 1/8 финалын жеңіспен бастады

Пеп Гвардиола шәкірттері Мадридте «Реалдың» осал тұсын тапты.

Зидан жігіттері 60-минутта алға шықты. Иско қарымта шабуылды нәтижеге ұластырып, есеп ашты. Алайда, жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. «Манчестер Сити» футболшылары айналасы бес минутта «Реал» қақпасын екі мәрте дәл көздеді. Габриэль Жезус пен Кевин де Брейне ағылшын клубына жеңіс сыйлады.

 

Чемпиондар лигасы: «Лион» - «Ювентус» 1:0

1/8 финалдың келесі жұбында «Лион» мен «Ювентус» кездесті. Француз командасы атақты қарсыласынан қаймықпады. Тіпті бірнеше мәрте қауіпті шабуыл ұйымдастырып, Турин клубын тықсырып бақты. 31-минутта Люк Тусар гол соғып, матч тағдырын шешті. Үзілістен кейін нәтиже өзгерген жоқ. Енді қарымта кездесу 17 наурызда өтеді.

 

Алматыда шинкиокушинкай каратэден ел чемпионаты өтіп жатыр

Каратэнің шинкиокушинкай аталған түрінен Қазақстан чемпионаты басталды. Алматыдағы «Балуан Шолақ» сарайында еліміздің әр аймағынан 500-ден аса жекпе-жек шебері келіпті. «Бұл рекорттық көрсеткіш», дейді мамандар. Өйткені елімізде шинкиокушинкай каратэге қызыққандар саны жылдан жылға артып келеді. Қазір біздің спортшылар тек құрлықтық ғана емес, әлем біріншіліктерінде де оза шауып жүр. Ұлттық біріншілікке екі дүркін әлем чемпионы Людмила Устюгова мен Диас Аманжолов секілді тәжірибелі спортшылардың қатысуы бәс деңгейін жоғарлата түскені анық. Жеткіншектер арасында 12 жастағы Арсен Теміржан көзге түсті. Қарсы келгенді кұлататын Теміржанға мамандар үміт артып отыр.

Арсен Теміржан, жарысқа қатысушы:

Мен бұл жарысты асыға күттім деп айтсам болады. Өйткені ұлттық біріншіліктің жеңімпаздары Болгарияда өтетін әлем біріншілігінде бақ сынайтынын білем. Арманым әлем мықтыларының алдын орап Қазақ елінің көк туын биіктен желбіретсем деймін.

Болат Бақтаев, Алматы қаласы шинкиокушинкай федерациясының президенті:

Биылғы ұлттық біріншілік өте жоғары деңгейде өтіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Әлем және Азия чемпиондарының барлығы қатысуда. Осы жарыста оза шапқан өрендер «ел чемпионы» ғана емес, спорт шебері деген атаққа ие болады. Ал ересектер шілде айында өтетін әлем чемпионатына қатысады.

 

Хоккей: «Амур» – «Барыс» 5:0

«Барыс» құрлықтық хоккей лигасының соңғы турында Хабаровскінің «Амурына» қонаққа барып, 0:5 есебімен жеңіліп қалды. Айдын иелері сапынан Вячеслав Ушенин үш мәрте мергендік танытса, Томаш Загорна мен Михал Йордан да «Барыс» қақпасынан саңлау тапты. Елорда командасы лигадағы 62 матчта 84 ұпай жинап, шығыс конференциясында екінші орын алды. Енді Андрей Скабелка шәкірттері плей-офф кезеңінде Магнитагорскінің «Металлургын» қабылдайды. Алғашқы екі ойын 1 және 2 наурызда «Барыс Аренада» өтеді.

Жоғарғы хоккей лигасы: «Торпедо» - «Звезда» 3:2    

Жоғарғы хоккей лигасының плей-офф кезеңі басталды. «Торпедо» Өскеменде «Звезданы» қабылдап, 3:2 есебімен басым түсті. Қазақстандық команда Петербургтегі алғашқы екі ойында жеңіліп қалған болатын. Сондықтан өз айдынында есе қайтаруға тырысады. Дмитрий Стулов пен Евгений Рымарев «Торпедо» сапынан мергендік танытты. «Звезда» матчтың бітуіне 7 секунд қалғанда таразы басын теңестіріп, кездесу овертаймға дейін созылды. Рымаревтың соққан шайбасы Өскемен командасына жеңіс сыйлады. Бүгін қарымта ойын өтеді.

***

Сондай-ақ Astana Pro Team велокомандасы Біріккен Араб Әмірліктері турында жүлдеге таласып келеді. Қазақстандық клубтың өкілі Алексей Луценко төртінші кезеңнен кейін жалпы есепте үшінші орында тұр. Бүгін велоспортшылар тау жолдарынан тұратын бесінші кезеңде бақ сынайды.

 

Хабар 24 телеарнасы