432,01 515.14 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Әлем кубогінің кезеңі: фристайлшы ерлеріміз жігерлі мінез танытпады

  • 583
  • UPD: 09:30, 29.02.2020

Алматы облысына қараста Ойқарағай спорт кешенінде фристайлдың акробатика түрінен әлем кубогының кезеңі өтті. Осы сында ел намысын қорғаған Жанбота Алдабергенова  қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыстан кейін жерлесіміз жалпы есептегі жағдайын біршама жақсартып алды.

Бұл Жанботаның алғашқы жүлдесі емес. Спортшы 17 жасында әлем кубогінің кезеңінде қола жүлде алып, талайға таңдай қақтырған еді. Одан кейін осынау дүбірлі доданың сан мәрте суперфиналына шыққанымен жүлдеге бір табан жетпей жүрген. Міне бүгін өз жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысып, мықтылардың арасынан оза шапты. Енді соңғы кезең Ресейдің Красноярск қаласында өтеді. Осы сында Жанбота жүлдегерлер қатарынан көрініп жатса жалпы есепте үздік үштікке кіретін мүмкіндігі зор.   

Жанбота  Алдабергенова,  әлем кубогі кезеңінің қола жүлдегері:

- Көңіл-күй жақсы. Подиумға шықтым. Осы сезонда. Әлем кубогінде алғаш рет. Оған дейін финалдарға суперфиналдарға кіріп жүрдім. Бірақ төртінші болып қала берген едім. Енді қиын элементтердің бірін жасадым. Бірақ сәл қиынырақ тұрғаннан кейін үшінші орын болдым. Оған қанағат мен ризамын. Ағайым да риза.

Қыздар арасында  украиналық Надия Мохнатская кезең жеңімпазы болып танылса, күміс жүлде Америкалық Меган Никке бұйырды. Іріктеу кезеңінен іркілмей өткен жерлестеріміз Аяна Жолдас пен Ақмаржан Қалмырзаева өкінішке орай финалға өте алмады. Дегенмен жас қыздарымыздың алар асуы алда деген үміт басым. Жалпы бұл жарыстың біздің елде өтуінің өзі де үлкен мақтаныш, дейді мамандар. 

Нұрбақыт Теңізбаев,  дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Онға жуық  мемлекеттен мына әлем кубогының этабына келіп қатысып жатыр. Оның ішінде біздің еліміздің Жанбота бастаған біздің спортшыларымыз іріктеу кезеңне өтіп, жанкүйерлерін көрермендерін қуантып жатыр. Жарыс өте қызықты осындай біздің тамаша әдемі табиғатымызда осындай спорт түрінің дамып жатқаны бізді қуантады. Мұндай  әлемдік деңгейдегі жарыстардың өтуі біз үшін үлкен мақтанатын іс-шаралардың бірі.

Жігіттер өкінішке орай, жігерлі мінез таныта алмады. Роман Иванов пен Нұрлан Батырбаев алғашқы кезеңнен аса алмады. Енді әлем назары жексенбі күні Шымбұлаққа ауады. Алатау бөктерінде паралельді могулдан әлем кубогының кезеңі өтеді. Спортшыларға тек қана сәттілік серік болсын!

Жандос Айтбайұлы, Радик Жақыпов, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы