425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтауда бұқаралық спортты дамыту орталығы ашылды

  • 507
  • UPD: 18:57, 01.03.2020

Каспийдің жағасында бұқаралық спортты дамыту орталығы ашылды. Қала билігі көптен қараусыз жатқан «Өнер» галереясын қалпына келтіріп, тұрғындардың спортпен тегін шұғылдануына мүмкіндік жасап берді.

Қазір мұнда зейнеткерлер мен оқушылар аптасына үш рет жиналып, денесін шынықтыруға кіріскен. Игі бастама авторы демеушілердің қолдауымен қажетті жабдықтарды алып, орталықта дзюдо үйірмесін ашқалы отыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Сағат таңғы сегіз. Аздаған желге қарамастан жағалауда спортпен шұғылданып жүрген кісі көп. Мен қазір 4-шағын аудандағы қонақүйден әлеуметтік спортзалға қарай жүгіріп келдім. Бұл жаттықтырушының алғашқы тапсырмасы болатын. Яғни 5-10 минут теңіз жағасында жүгіру немесе жылдам жүру. Енді спортзалға кіріп, денешынықтыру жаттығуларын жасаймын. 

Бұқаралық спортты дамыту орталығына бүгін жиырмаға жуық зейнеткер келіпті. Көпшілігі осы жерде күнде таңертең жүгіріп, денесін шынықтырып жүрген әжейлер. Расын айту керек, бұрын жасап көрмеген кейбір жаттығуларды бірден орындау біз үшін қиынға соқты. Бұл ретте де аға буыннан үйренеріміз көп екен.   

Жарты сағаттан астам түрлі жаттығуларды бірнеше қайталап орындаған соң әжейлер жасанды жасыл шөп төселген алаңқайға жайғасып, йога тәсілдерін жасауға кірісті. Тыныш сәтті пайдаланып, спортсүйер зейнеткердің бірін әңгімеге тарттық. Әлия есімді қала тұрғыны екі жыл бұрын құрметті зейнет демалысына шығыпты.  Отыз жылға жуық мейірбике қызметін атқарған ол енді тұрақты түрде спортпен шұғылдануға бел буған.  

Әлия Балбаниязова, зейнеткер:

- Алдыңғы күні ютубтан көріп, Әсияға телефон соқтым. Сосын кеше таңертең әдейі келіп, қарап кеттім. Қалай болады, қай жерде өтеді, қалай кіруге болады екен деп. Бүгін таңертең ерте тұрып, кешеден бері әзірленгем, осында келдім. Өте жақсы, ұнады маған. Денсаулық керек, зейнетке шыққан соң көп жүрмейсің. Сосын осындай жаңалық болған соң мен оны қуанышпен қарсы алдым. Тек зейнеткерлерге емес, балаларға да болады деді. Енді оларға да айтамын. 

Көптің қажетіне жараған игі жобаны бұрын дзюдо спортынан шәкірт тәрбиелеген тәжірибелі бапкер Әсия Ідіріс қолға алған. Ол Маңғыстау өңірінде спорттың осы түрінен төртінші дан иегері атанған әзірге жалғыз спортшы. Омыртқасына зақым алған соң кәсіби мамандығынан қол үзуге тура келіпті. Сонда да жүгіру, таңғы жаттығуларды жасау дағдысын тоқтатпаған. Жағалауда қаңырап тұрған ғимаратты көрген бойда оны бұқаралық спорт орталығына айналдыру жолдарын қарастыра бастапты. 

Әсия Ідіріс, жоба авторы:

- Шаһар әкімдігіне ұсынысымды жеткіздім. Спорт мектептерінің оқушылар мен жастарға арналғанын, оларға ақша төлеп қатысуға кез-келген адамның қалтасы көтере бермейтінін айттым. Әкімге рахмет, ойымды бірден құптады. Қалалық спорт бөлімінің араласуымен бұл ғимарат аз уақытта қалпына келтірілді. Өзім тәрбиелеген шәкірттерім құрал-жабдықтарды алуға демеушілік танытып жатыр. Алдымызда жоспар да жасалатын жұмыс та көп. 

Демеушілер құрылыс материалдары мен спорттық құралдардан бөлек ғимарат ішіне төселетін татамиді де жеткізіп беріпті. Олар осы аптада орталықтың екі залына бірдей орналастырылады. Жазға дейін мұнда дзюдо үйірмесі ашылуы керек. Бұл жаттығулар да тегін өткізілмек.    

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы