424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Хоккей: «Барыс» – «Металлург» 0:3

  • 368
  • UPD: 15:18, 04.03.2020
Хоккей: «Барыс» – «Металлург» 0:3 vesti.kz

Бүгін Иордания астанасы Амман қаласында бокстан Азия аймағы бойынша Олимпиадаға іріктеу турнирі басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрлық бәсекесінде Токио ойындарының 63 жолдамасы сарапқа салынады. Ерлер арасындағы кездесулер ертең өтеді. Бүгін шаршы алаңға қыздар шығады. Қазақстандық Дәметкен Келімбет, қытайлық Джунхуа Юньмен қолғап түйістірсе, Римма Волосенко үндістандық боксшымен жұдырықтасады.

«Барыс» плей-офф кезеңіндегі екінші ойында жеңіліп қалды. «Металлург» хоккейшілері қателіктен қорытынды шығарып, қарымта матчта айдын иелерінің қақпасына жауапсыз үш шайба соқты. Алғашқы жиырма минутта есеп ашылған жоқ. Үзілістен кейін ресейліктер бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, Эдди Паскуале қақпасынан саңылау тапты. «Барыс» қақпашысы алғашқы ойында қырағылық танытып, гол жібермеген еді. Бұл жолы өз деңгейінде ойын көрсетпеді. «Металлург» екінші кезеңде кездесу тағдырын шешіп тастады. Андрей Нестрашил екі мәрте мергендік танытса, арасында Сергей Мозякин көзге түсті. Үшінші кезеңде Андрей Скабелка Паскуалені Хенрик Карлссонға ауыстырды. Қақпашы ауыстыру өз нәтижесін берді. Негізгі құрамнан сырт қалған Карлссон қақпасына шайба дарытпады. Алайда, шабуыл шебіндегі жігіттер нәтижені өзгерте алмады. Жалпы есептегі нәтиже: 1:1. Енді командалар 5 және 7 наурызда Магнитагорскіде айдынға шығады.

 

Қазақстан теннисшілері Дэвис кубогын бастайды

Алдағы жұма күні елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде теннистен Дэвис кубогының іріктеу ойындары басталады. Әлемдік топқа жолдама алуды көздейтін Қазақстан құрамасы Нидерланд командасымен кортқа шығады. Екі елдің теннисшілері өткен жылдың қараша айында осы турнирдің финалдық кезеңінде кездесіп, 2:1 есебімен біздің жігіттер басым түскен еді. Бұл жолы қызғалдақты елдің теннисшілері «есе қайтаруға тырысамыз» дейді. Нидерланд сапында Робин Хас, Таллон Грикспур, Ботик ван де Зандшульп және Уэсли Колхоф бар. Жан-Жюльен Ройер де команда құрамында жүр. Капитандық міндетті Юрий Щукинге ұстатқан Қазақстан Михаил Кукушкин мен Александр Бубликке сенім артады. Сонымен қатар Александр Недовесов пен Андрей Голубев және Дмитрий Попко да ойынға араласуы мүмкін. Қазір біздің командада танымал теннисші Николай Давыденко да бар. Ресейлік спортшы қазір Кукушкиннің жеке бапкері болып жүр. Давыденконың жаттықтырушылық қабілетін Дэвис кубогында көреміз.

 

Ұлттар лигасының жеребесі тартылды

Футболдан Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы қарсыластары белгілі болды. Биыл бұл турнир екінші мәрте ұйымдастырылады. Біздің ұлттық команда бұған дейін Д тобында ойнаса, бұл жолы бір саты жоғарылап, С дивизионына өтті. Амстердамда өткен жеребе тарту рәсімінде Қазақстан Албания, Беларусь және Литва құрамаларымен бір топқа түсті. Ойындар күзде өтеді. Алғашқы тур 3-5 қыркүйекте өтсе, соңғы тур ойындары 15-17 қарашаға жоспарланған. Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік құрама Б тобына көтеріледі.

 

Англия кубогы: «Челси» – «Ливерпуль» 2:0

Англияда қарсы келгеннің бәрін ұтқан «Ливерпуль» білгенінен жаңылды. Юрген Клопп шәкірттері чемпиондар лигасында «Атлетикодан» жеңілген соң премьер-лигада «Уотфордқа» есе жіберді. Енді Англия кубогынан да сырт қалды. 1/8 финалда «Челсиға» қонаққа барған «Ливерпуль» 0:2 есебімен Лондон командасына жол берді. Матчтың 13-минутында Виллиан есеп ашты. Үзілістен кейін Росс Баркли нәтижені еселей түсті. «Челси» Англия кубогының ширек финалына шықты. «Ливерпуль» енді бар күшін премьер-лига мен чемпиондар лигасына салады. Клопп шәкірттеріне ақпан айының басындағы он күндік демалыс теріс әсер еткен секілді.

Хабар 24 телеарнасы