417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Ақтөбенің» жанкүйерлері өңірдегі кәсіби футбол үшін алаңдаулы

  • 372
  • UPD: 10:11, 06.03.2020

Алдағы демалыс күндері футболдан Қазақстан біріншілігінің кезекті маусымы басталады. Биылғы доданың ерекшелігі 5 дүркін ел чемпионы атанған «Ақтөбе» клубы байрақты бәсекеден тыс қалып отыр. Соңғы бірнеше жыл бойы басынан дау кетпей, қарызға белшеден батқан команда осы жылды да жағымсыз жаңалықтармен бастаған сыңайлы. Сондықтан ақтөбелік клубтың жанкүйерлері өңірдегі кәсіби футболдың болашағына алаңдаулы. Команда басшылығының жиі өзгеруі және қордаланған қарыздар клубтың беделін түсірді деп отыр.

Елдің футбол тарихында есімі айшықталған «Ақтөбенің» жанкүйерлері, клубтың әр жаңалығын қалт жібермейді. Ал, қаңтарда командаға бас бапкер боп тағайындалған ресейлік Владимир Маминовтың бір айдан кейін қызметтен кеткені футбол сүйер қауым үшін түсініксіз болды. Шетелдік маман кейін бұны басшылықпен арадағы кикілжіңмен байланысты болғанын айтып, талай жария етті. 

Шамамен бір айдан соң басталатын бірінші лига ойындарына қызу дайындық үстінде жүрген команда басшылығымен жүздесу мүмкін болмады. Дегенмен, телефон арқылы берген түсініктемесінде клубтың басқарма төрағасы Артур Смағұлов ресейлік маманның трансферлік саясатының сүреңсіз болғандығын жеткізді.

Артур Смағұлов, «Ақтөбе» ОФК АҚ басқарма төрағасы:

- Бұрынғы бапкер қатысты айтарым, ойыншыларды іріктеуі түсініксіз болды. Ресейдің екінші, үшінші лигасында ойнайтын футболшылардан көп көмек болмас еді. Сондықтан әріптестігімізді тоқтатуға тура келді.

«Ақтөбе» клубының соңғы жылдары сүрінуіне бірден бір себеп болған жайт – ойыншылар алдында қордаланған қарызы. Нәтижесінде, командадан бірнеше рет ұпай шегеріліп, жоғарығы лигада өнер көрсету құқығынан айырылды. Жанкүйерлердің пайымынша мұндай жағдай клуб басшылығы тарапынан жіберілген қателіктердің жиі қайталануынан орын алған. 

Владимир Венгер, жанкүйер:

- Шетелдіктер тиісті органдарға, атап айтқанда, УЕФА, ФИФА-ға шағымдана алады. Ал оның салдары клуб үшін ауыр соққы болуы мүмкін. Онсыз да ойыншылар, легионерлер алдындағы қарызы үшін өткен жылдары біраз ұпайдан айырылдық. Сондықтан қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгерту қажет деп санаймын. Бұл үшін қатаң бақылау керек. Сондай-ақ директорлар кеңесіндегі футболдан хабары жоқ шенеуніктер және күштік құрылымдардың өкілдерін өзгерткен дұрыс болады. 

Жаңадан келген клуб басшылығы бұған дейін қалыптасқан қарыздардан биыл толық құтылуды көздейді. Бірақ нақты бережақ көлемі тиісті тексеруден кейін белгілі болмақ. Қазір өткен жылы бюджеттен бөлінген 2,5 млрд қалай игерілгені анықталу үстінде. Айта кету керек биыл Ақтөбе футбол клубына облыстық қазынасынан 2 миллиард теңге бөлу көзделіп отыр. 

Бекбол Сағын, облыстық қаржы басқармасының басшысы:

- Біз 2019 жылдың есебі бойынша барлық есептерді жинақтап жатырмыз. Қазір барлық бюджеттік бағдарлама әкімшілері бізге есептерін тапсырып жатыр. Кім қаражатты қайда жұмсады? алдына қойған мақсаттарына жете алды ма, жетпеді ме? Осының барлығын жіктеп отырып қарайтын боламыз. Осы есеп-қисаптарды сәуірдің басына дейін жинақтап боламыз да, сәуір айында қоғамдық кеңеске шығамыз. 

Қазақстан премьер-лигасы ойындары алдағы демалыс күндері басталатын болса, бірінші лигада өнер көрсететін Ақтөбе клубы Туркияда, оқу-жаттығу жұмыстарын жалғастырып жатыр. Командадан кеткен Маминовтың орны өзге ресейлік бапкер Алексей Петрушинге тапсырылған. 

Медет Есқалиұлы, жанкүйер:

- Қалай болғанда да биылғы басшылықтан маусым сайын қандай өнер болмасын, Ақтөбе жанкүйерлері осы клубпен бірге. Қай уақытта да соңына дейін барады. Жеңіс күтеді. Одан кейін осы маусымның басында қуантатын жағдай осы өзіміздің жергілікті жастардың клубта қалуы.  Сондықтан жақсы жаңалықтар көп күтеміз. Легионерлерден болсын, ойыншылардан болсын. 

Жаңа маусымға жаңа басшылықпен келуді әдетке айналдырған Ақтөбе клубы үшін биылғы басты міндет – жоғарғы лигаға жолдама жеңіп алу. Ол үшін жасыл алаңмен қатар түрлі кеңселерде де тоғыз ай бойы жан аямай тартысуға тура келеді.

Айта кетейік, «Ақтөбенің» алғашқы кездесуі Қазақстан кубогі аясында 18 наурыз күні өтеді. 

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы