426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Өскеменде спортты серік еткен әжейлер қатары артып келеді

  • 482
  • UPD: 20:41, 07.03.2020

Өскеменде спортты жанына серік еткен әжейлер көбейіп келеді. Әсіресе Скандинавиялық жүріске ден қойғандары басым. Алды сексенді еңсерген. Бірақ тың. Қимылдары ширақ. Араларында 60 жасқа келіп, қол күресінен әлем чемпионы атанғаны да бар.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Скандинавиялық жүріс – ең қауіпсіз спорт түрі. Жарақат алу мүлдем кездеспейді.Сондықтан кез келген жастағы адам айналысуға болады. Алайда барлық спортта сияқты бұл жүріске шығар кезде де денены қыздырып алған жөн. 

Скандинавия жүрісіне арналған мектеп қалада 2015 жылы ашылған. Қазір құрамында  100-ге тарта адам  бар. Оның 85 проценті әйелдер. Үлкені 80-нен асса, кішісі 30-да. Аптасына 3 рет қаладағы ең әдемі жерлерде бас қосады. 

Көңілдері көтеріліп,денелері ширығып алған спортшылар күніне кем дегенде 3 шақырым, ал тым төзімділері 10 шақырым жол жүреді. 

Топтағы әр әйел скандинавиялық жүрістің техникасын мықты меңгерген. Сондықтан оның жаяу жүрумен айырмашылығы жер мен көктей екенін жақсы біледі. Барлық бұлшық ет қозғалып, жүрек қан-тамырлары жүйесі жақсарады дейді олар. 

Әсима Мүшекбаева, зейнеткер:

- Скандинавиялық  жүрістің қызығы сол,таяқ 40 пайыз жеңілдік береді аяғыңа,беліңе. Денсаулық береді, қанша кісімен танысасың.

Сәния  Домашева  ең  қарт спортшы. 84 жасты еңсерген әжей де бойындағы бар ауруын осы спортпен  емдеп жүр екен. 

Сәния Домашева, зейнеткер:

- Артроз,атеросклероз,остеохандроз. Осыншама аурудың бәріне бір ғана ем-ол қозғалыс яғни спорт. Бұрын тіпті төсектен тұруым да, жүруім де мұң болған еді. Қазір оның барлығын ұмыттым. Арасында топтан бөлек өзім жалғыз Ертісті, Үлбіні жағалап жүріп өтем. 

Әйелдер кезекті шақырымын айналып келгенше, тосынсый да дайын тұрды. Осы спортпен шұғылданатын ер азаматтар атынан келген жігіт, нәзік жандарды төл мерекелерімен құттықтады.

Ольга Казакова, нұсқаушы:

- Тек қозғалыс бар жерде ғана өмір бар. Өйткені мидың да дененің де жұмыс істеу белсенділігі артады. Скандинавиялық жүрісті еркіндіктегі фитнес орталық деп қабылдауға да болады. 

Бұл тағы бір өскемендік зейнеткер Татьяна Ушакова. Армрестлингпен айналысады. 60 жастағы әйел өткен жылы ардагерлер арасында қол күресінен өткен әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды.

Татьяна Ушакова, халықаралық дәрежедегі спорт шебері: 

- Қол күресі адамның тек күшін ғана емес мінезін де шынықтырады.Төзімділікке баулиды.Бүгінгі дене шынықтыру сабақтарын өткізу деңгейі төмен. Жеткіншектер не тартыла алмайды, не созыла алмайды.Бұған назар аудармаса болмайды. 

35 жасынан бері қол күресін тастамай келе жатқан Татьяна қазір 20 жасөспірімді осы спорттың қыр-сырына үйретіп жүр. Енді Татьяна Ушакова армрестлингтен Қазақстан қоржынына алтын салуға үмітті. Дегенмен, ең басты арманы – өскелең ұрпақтың осы спортқа деген сүйіспеншілігін арттыру.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Аслан Төлепов

Хабар 24 телеарнасы