429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Олимпиадаға жолдама алған боксшыларды елорда әуежайынан жанкүйерлері күтіп алды

  • 595
  • UPD: 14:58, 13.03.2020
Олимпиадаға жолдама алған боксшыларды елорда әуежайынан жанкүйерлері күтіп алды

Жолдамаға қатысты жоспар орындалды.

Ендігі мақсат – алдағы Олимпиадаға тыңғылықты дайындалып, жоғары деңгейде өнер көрсету. Әсіресе, жігіттердің оған дейін жарақат алып қалмауы маңызды. Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Ғалым Кенжебаев осындай пікір білдірді. Ел намысын қорғаған жігіттер іріктеу турнирінен елге оралды. Оларды елорда әуежайынан достары, туыстары және жанкүейерлері күтіп алды.

Айта кетейік, Амман қаласында өткен байрақты бәскеде жерлестеріміз 9 бірдей лицензияға қол жеткізді. Оның 8-і жігіттерге тиесілі. Яғни, Қазақстан ерлер құрамасы Токио Олимпиадасының барлық салмағында сынға түседі. Ал, қыздар арасында 75 келідегі Надежда Рябец қана өз мүмкіндігін мүлт жібермей, жазғы ойындар жолдамасын жеңіп алды.

Ғалым Кенжебаев, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:

Жекпе-жектер жеңіл болған жоқ. Өйткені барлық қарсылас мықты дайындалып келген. Азиядағы бокс мықты дамып жатыр. Негізгі қарсыласымыз Өзбекстан, Қытай, Филиппин, Үндістан боксшылары. Алаң иелері де жақсы дайындалған. Жарыс нәтижесінде 2 алтын, 2 күміс және 4 қоламен оралдық.

 

Кәсіпқой спорттағы жетістіктеріміз

«Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубы тек ел аумағында ғана емес халықаралық деңгейде бренд ретінде қалыптасып келеді. Бұл тұрғыда клуб құрамындағы хоккей, футбол, баскетбол және велокомандалардың үлесі зор. Президенттік клуб басшысы Асқар Баталов тілшілердің басын қосып, атқарылған жұмыстарды қорытындылаған болатын. Ол, әсіресе, «Барыс» командасының биылғы көрсеткішіне ерекше тоқталды. Андрей Скабелка баптайтын хоккейшілер маусым алдындағы жоспарды орындап, плей-оффтың екінші айналымына шықты. Құрлықтық лига аясындағы жарыс алдағы апта жалғасады және «Барыс» бұдан да биік белесті бағындыруға мүмкіндігі бар. Сол сияқты «Астана» баскетбол клубы биыл халықаралық лиганың плей-оффына шығып, көпшілікті тәнті қылды. Ал, бас бапкер Эмиль Райкович Лиганың үздік жаттықтырушысы атанды.

Асқар Баталов, «Астана» президенттік кәсіпқой спорт клубы бас директоры:

- Елдегі мыңдаған жанкүйердің сенімін ақтау үшін спортшыларымыз аянбай тер төгіп жатыр. Әсіресе, жас толқын оларға еліктеп, бұқаралық спорттың дамуына дүмпу әкеледі деген үміт бар. Қазірдің өзінде кәсіпқой клуб жанында балалар және жасөспірімдер мектебі жұмыс жасайды. Сәйкесінше, болашақ чемпиондарды қазірден бастап дайындап жатырмыз деуге болады.

 

Короновирус кесірінен жарыс тоқтатылды

Короновирус автоспортқа да кесірін келтірді. Атақты «Формула-1» жарысының алғашқы кезеңі өтпейтін болды. Байрақты бәсеке Австралия елінде бүгін басталуы керек еді. Ұйымдастыру жұмыстары соңғы сәтке дейін тоқтаған жоқ. Бірақ жарыс әбден жақындағанда «Макларен» командасының спортшысында қауіпті вирус анықталды. Артынан команда жарысқа қатысудан бас тартты. Бұған дейін дәл осындай жағдай Қытайда болды. Яғни, аспан асты еліндегі кезең уақыты кейінге шегерілді. Ал, әлемдік автоаламанның басқа кезеңдері өте ме,өтпей ме, әзірге сұрақ күйінде қалып отыр.

 

Тағы да допинг дауы

Ал, Ресей жеңіл атлетика федерациясына 10 миллион доллар көлемінде айыппұл салынды. Бұған себеп – допинг дауы. Бұл жөнінде халықаралық жеңіл атлтика федерациялары қауымдастығы жұмыс тобының басшысы Руне Андерсен мәлімдеді. Бұған қоса, Токио Олимпиадасына Ресейден 10 жеңіл атлет қана қатыса алатыны белгілі болды және олар бейтарап тудың астында өнер көрсетуі керек. «Бұл өзгеріс алдағы халықаралық, құрлықтық және әлемдік чемпионаттарға да қатысты», деді ол. Бұның барлығы Ресейдегі спортқа жауапты мамандардың жауапкершілігін арттырып, допингке қатысты мәселелерді реттеуге көмектеседі деп үміттенеді мамандар.

Хабар 24 телеарнасы