435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ярослава Шведованың ағзасынан коронавирус белгілері анықталған жоқ

  • 140
  • UPD: 15:47, 16.03.2020

Теннистен Қазақстан әйелдер командасының капитаны Ярослава Шведованың ағзасынан коронавирус белгілері анықталған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Спортшы 12 наурыз күні Мәскеуден елордаға ұшып келген болатын. Бұл рейсте COVID-19 індетін жұқтырған бір жолаушы болғаны анықталды. Сондықтан Шведова да өзге адамдармен бірге карантинге жатқызылды.

Ярослава Шведова карантинде үш күннен бері жатыр. Қазақстандық теннисшінің коронавирус жұқтырған жолаушымен бір рейсте ұшып келгені анықталған соң стационарлық бақылауға алынды. Бір тәуліктен кейін әуе кемесінде болған өзге жолаушылардың дін аман екені белгілі болды.

Ярослава Шведова, теннистен Қазақстан әйелдер командасының капитаны:

- Біз бейсенбі күні таңертең ұшып келдік. Мен үйге барып, отбасымның қасында балаларыммен болдым. Екі тәуліктен кейін дәрігерлер мені ғана алып кетті. Ең қуаныштысы, ағзам таза болып шықты. Отбасыма да ештеңе жұққан жоқ деген үміттемін.

Шведованың айтуынша, анализдері таза болған жолаушылардың басым бөлігі босатылған. Олар үйлерінде бақылауда болады. Спортшымен бір бөлмеде жатқан төрт адамның екеуі де шығып кеткен. Қазір оқшауланған жолаушылардың қатарында Ярослава да бар. Себебі олар індет жұқтырған адамға жақын отырған көрінеді.

Ярослава Шведова, теннистен Қазақстан әйелдер командасының капитаны:

Енді тағы сынама алып, тексере ма білмеймін. Мұнда мүлгіген тыныштық, қандай да бір ақпарат алу қиын. Бізге ешкім ештеңе айтпайды.

Карантин теннисшінің оқу-жаттығу жоспарына да әсер етті. Шведова бүгін Алматы маңындағы базада кезекті екі апталық жаттығуын бастауы тиіс болатын. Алайда, төтенше жағдайға байланысты дайындық жұмыстары да тоқтағаны белгілі. Бұл жайында Теннис федерациясы мәлімдеді. Бүгіннен бастап барлық жиындар мен іс-шаралар тоқтатылды. Шектеу мерзімі 15 сәуірге дейін жалғасады.

Авторы: Қанат Базылханов

Хабар 24 телеарнасы