435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Коронавирус спортты «нокдаунға» жіберді

  • 517
  • UPD: 16:02, 18.03.2020
<span class=favorites>Коронавирус спортты «нокдаунға» жіберді</span> eurosport.ru

Төрткүл дүниеде атой салған коронавирустың жаңа түрі спорт әлемін де қыспаққа алды.

Соңғы мәліметтер бойынша, жер бетіндегі 8 мыңға жуық адамның ажалына осы індет себеп болған. Шығыс Азия елдерін былай қойып, енді Батыс елдерін жуан жұдырығында ұстап тұр. Шекаралар жабылып, кәрі құрлық елдері бірінен соң бірі карантин енгізіп жатқандығына қарамастан, қарапайым тұрғындардан бөлек саясат, өнер мен спорттағы танымал адамдар да осы індеттің «қармағына» ілігуде.

Әсіресе Апеннин түбегіндегі елде жағдай нашар. Италия өлім көрсеткіші бойынша Қытайдан кейінгі екінші орында тұр. Спортшылардың арасында да коронавирус анықталғандар осы мемлекетте тіркелді. Үшінші дивизионында өнер көрсететін «Пьянезе» клубының (С сериясы) 22 жастағы футболшысынан вирус анықталған соң, ол бірден оқшауландырылып, ауруханаға жатқызылды. Артынша осы команданың тағы екі футболшысының сараптамасы оң нәтиже берді. Ал 9 наурызда велоспорттың ардагері Итало Де Дзан 95 жасына қараған шағында Тревизодағы ауруханалардың бірінде көз жұмды.

«Сақтансаң – сақтаймын» деген. Сондықтан төрткүл дүние халық көп жиналатын іс-шаралардың бәрін жаппай тоқтатып немесе кейінге шегеріп жатыр. Спортта да дәл солай. Ал кейбір жарыстар жанкүйерлерсіз өтуде. Мамандар COVID-19 тұмаудың жаңа әрі асқынған түрі дегенімен, талай жанның өмірі дәл осы дерттен қиылып жатқандықтан, сақтық шараларын енгізбеске тағы болмас.

Қазақстанға да еніп үлгерген бұл кесел бізді де біраз дүрліктіріп қойды. Қазір елімізде төтенше жағдай жарияланып, коронавирустың жаппай таралмасы үшін көптеген шаралар қабылдануда. Оқу-жаттығу жиындарында жүрген спортшылардың барлығы қайтарылып, кейбір командалық жарыс түрлері жанкүйерсіз өтсе, өзге турнирлердің барлығы мерзімінен кешігетіні хабарланды. Бұл қатарда футбол аламандары да бар.

Биылғы жылдың басты оқиғасы төрт жыл күткен Токио олимпиадасы (24 шілде мен 9 тамыз аралығы) деп жүргенімізде, енді бұл аламанның уақтылы өтуіне төніп тұрған қауіп көп. Олимпиада-2020 ұйымдастырушылары ойындарды кейінге қалдыру керек деген пікірде. «Вето қойғымыз жоқ. Оның үстіне ХОК-ке телетрансляция үшін тым көп қаржы төленді. Дегенмен жарыстарды бір немесе екі жылға неге кейінге шегермеске?» – дейді Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті атқару кеңесінің мүшесі Харуюки Такахаси.

Еуро-2020 уақыты өзгерді

12 маусым мен 12 шілде аралығында өтуі тиіс Еуропа чемпионатының да уақыты өзгерді. Енді бұл біріншілік 2021 жылдың 11 маусым мен 11 шілде аралығында ұйымдастырылады. Бұл онсыз да сүйікті спортын алаң тұрмақ, теледидар арқылы тамашалай алмаған футбол жанкүйерлері үшін ауыр соққы. Бұған Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы матчтарының тоқтатылғанын қосыңыз.

Футболдағы «офсайд»

Британияның The Independent басылымының мәлімдеуінше, Англия мен Еуропаның футбол басшылары турнирлерді қыркүйекке қалдыруды қарастырып жатыр. Өйткені олар сәуірге дейін жағдайдың тұрақталарына сенбейді. Осы аралықта Еуропадағы ұлттық біріншіліктер де тоқтатылуда. Италиядағы жұлдызды футболшылардың өзі коронавируспен күресіп жатқанда, А сериясы қашан және қалай жалғасын табады деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны анық. Жергілікті танымал журналистердің бірі Николо Скира Twitter-дегі парақшасында: «Чемпионат басшылығы қысқы плей-оффтар өткізуді жоспарлап отырған жоқ, матчтарды үш күн сайын өткізу арқылы турнирді аяқтап, бірнеше турды маусымға бөліп тастауды қарастыруда. Бірақ ол үшін УЕФА Еуро-2020-ны кейінге қалдыруы тиіс», – деп жазды.

Бундеслига да тоқтатылмақ. Әзірге жуық арада өтетін турлар ғана шегерілді. Неміс футбол лигасының басшылығы ресми сайттарында алдымен Бундеслиганың 26-туры мен екінші дивизионның уақыты кейінге қалдырылғанын мәлімдеген, қазір жарыстар сәуірге дейін өтпейтіндігі белгілі болды.

Ағылшын премьер-лигасындағы жағдай да осындай. Енді «Ливерпуль» чемпиондық атақ жолындағы таласты өзге клубтар секілді сәуірге дейін күтуге мәжбүр. «Арсеналдың» бас бапкері Микель Артетадан індет анықталған соң, клуб түгелімен карантинге жатқызылды.

Францияда да жағдай мәз емес. Наурыздың басында 40 мыңнан астам спортшы қатысуы тиіс жартылай марафон өтпей қалды.

Ал «Труа» футбол клубының кореялық ойыншысы Хен Чжун Суктің COVID-19 жұқтырғаны расталып отыр. Тиісінше ел біріншілігі де тоқтатылды. Мұндай шешімді Францияның кәсіби футбол лигасы қабылдады. Ол шектеу қашанға дейін жалғасары белгісіз.

Испанияның жоғары және бірінші дивизиондары 12 наурыздан бастап өткізіліп жатқан жоқ. «Реал» баскетболшысы Трэй Томпкинстің коронавирус жұқтырғаны анықталған соң, «бланкос» футболшылары да карантинге жіберілді. Себебі аяқдоп шеберлері мен баскетболшылардың жаттығу базасы ортақ.

Қазір Ла лига жауапты тұлғалары шығындарды есептеуге кіріскен. Егер 2019/20 маусым матчтары толық өтпейтін болса, Примера жоғалтатын қаржы көлемі 610,9 миллион еуроға тең. Оның 494 миллионы телевизиялық құқыққа байланысты шығындар болса, 78,1 миллионы абонемент иелеріне беріледі. Ал 38,8 млн еуро – ойындарға билет сатып алған жанкүйерлердің қаржысы. 

Бразилиядағы футбол да ауыр күндерді бастан кешіруде. «Фламенго» клубының бас бапкері Жоржи Жезуш коронавирус жұқтырып алған соң клуб карантинге жабылды.

«Формула-1»

«Формула-1» жанкүйерлерінің де көңіл-күйі түсіңкі. Алдымен Қытай мен Австралиядағы жарыстар кейінге қалдырылса, енді тағы екі Гран-придің өтпейтіні белгілі. Жақында McLaren командасының қызметкерінде індет анықталып, клуб жарысқа қатысудан бас тартқан. Ф-1 ресми сайтында Бахрейн (20-22 наурыз аралығы) мен Вьетнамдағы (3-5 сәуір аралығы) жарыстар өтпейтіндігі хабарланды. Бұған да коронавирус пандемиясы себеп.

Теннис турнирлері де тоқтатылып, уақыты өзгеріп жатыр. Үлкен дулыға санатына жататын «Ролан Гаррос» аламаны қыркүйекке қалдыдырды. Еліміздің теннис федерациясы да сақтық шараларына көшкен. Бокс пен UFC жарыстары да осындай жағдайды бастан кешіруде. Жақында ғана Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жегінің кейінге шегерілгенін хабарлаған болатын.

Шайбалы хоккей

Лозанна мен Цюрихте ұйымдастырылуы тиіс хоккейден әлем чемпионаты да вирус құрбаны болуы мүмкін. Себебі өмір сүру көрсеткіші жөнінен көш басында тұратын Швейцарияның өзі бұл індеттің алдында қауқарсыз екенін көрсетті. Бүгінге дейін он шақты адамның өмір сәулесі мәңгіге сөнсе, тағы мыңнан астам тұрғын тиісті емдік шаралар қабылдауда. Тиісінше енді әлем біріншілігін өткізу құқығын өзге елге беру де кеш.

Ұлттық хоккей лигасында өнер көрсететін «Оттава» клубының бір ойыншысы коронавирусқа тапсырған тест оң нәтиже берген. Бұл туралы клубтың ресми сайты хабарлады. Бірақ әзірге хоккейшінің есімі аталмай отыр.

Вирус жұқтырғандар ҰБҚ-да да бар

Вирустан дүрлігудің қажеті жоқ дегендердің қатарында Ұлттық баскетбол қауымдастығы бар-тын. Солтүстікамерикалық лигалар басшылары әлемде болып жатқан жағдайды жіті қадағалап отырғанымен, турнир кестесіне өзгерту енгізуге асықпайтындарын аңғартқан. Қалай дегенмен ондаған жарыстың өтпей қалуының өзі экономикаға үлкен соққы. Бұған мұхиттың ар жағында имиджге ерекше мән берілетінін қосыңыз. Сөйте тұра матчтардан соң спортшыларға БАҚ өкілдерімен тілдесуге тыйым салынды. Бірте-бірте турнирлердің жанкүйерсіз өтуі мүмкін деген күдік те шындыққа айнала бастады. Бұл сыбыстардан соң әлемнің үздік баскетболшыларының бірі Леброн Джеймс қауымдастық осындай шешім қабылдар болса, ойындарға қатыспайтынын мәлімдеген: «Жанкүйерлерсіз ойнау – бұл ақылға қонымсыз әрекет. Олай болса мен алаңға шықпаймын. Не істесе де өздері білсін».

Ал өткен аптада ҰБҚ «Юта» ойыншысы Руди Гобердің коронавирус жұқтыруына байланысты маусымды тоқтатуға мәжбүр болды. Айтпақшы, кеселден қорыққандарға күле қарағандардың бірі осы Гобер болатын. Баспасөз мәслихаты кезінде барлық микрофондарды қолымен ұстап, бойында ешқандай үрейдің жоғын байқатып еді.

Ұлттық хоккей лигасы да әріптестерінен үлгі алуды жөн көрді. Ұйым маусымның кеш аяқталып, тиісінше жаңа маусымның кеш басталуына дайынбыз деп отыр. Ал ҰХЛ комиссионері Гэри Бэттмэн тест тапсырған қызметкерлер мен ойыншылардың бірде-бірінде әзірге коронавирус анықталмағанын айтады.

Авторы: Мәдина Асылбек

Хабар 24 телеарнасы