435,54 474,00 5.78
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде 180-ге жуық спорттық-бұқаралық шара кейінге қалдырылды

  • 160
  • UPD: 15:49, 19.03.2020
Елімізде 180-ге жуық спорттық-бұқаралық шара кейінге қалдырылды

Әлемді жайлаған коронавирустың кесірінен Ертіс өңірінің кәсіби спортшылары да жоспарларына өзгеріс енгізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ байрақты бәсекелерге жолдама ұтып алған мұндағы спортшылар жаттығуларын үзген жоқ. Айта кетерлігі, облыста спорттық шаралар әзірге өткізілмейді. Жоспардағы чемпионаттар түгелдей кейінге шегерілген.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Павлодардағы бокс орталығы әдетте спортшылардан арылмайды. Десе де, қазіргі уақытта елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты жаттығу жұмыстары уақытша тоқтатылды. Рингтер бос тұр. Бүгінгі таңда спорт залына келуге тек ұлттық құрама мүшелеріне рұқсат етілген.

Әлемдегі ахуал былғары қолғап шеберлерінің көңіліне қаяу түсіргені сөзсіз. Дегенмен, ұлттық құрама мүшелері жаттығуларын тоқтатпақ емес. Спортшылар жеке жаттығуларға көшті. Дайындықтың осындай форматына ауысқандардың қатарында Токио олимпиадасына қатысу мүмкіндігіне ие болғандар бар.

Серік Теміржанов, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

- Олимпиадаға бар күшімізді салып, дайындалып, жаңағы өткен жарыстардан қандай қателіктер кетті, олардың барлығын дұрыстадық. Құдай қаласа, мақсатымыз – еліміздің туын көтеру. Соған бар күшімізді салып, дайындаламыз. Барлық халықтың үмітін ақтауға тырысамыз.

Жуырда Қазақстанның ұлттық құрамасы Иорданияда өткен турнирге қатысып, Токио Олимпиадасына сегіз жолдама ұтып алды. Серік Теміржанов 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынайды.

Азамат Мақажанов, Павлодар бокс федерациясының атқарушы директоры:

Боксшылардың денсаулығы бірінші орында. Сондықтан, ережелерді қатан сақтауымыз керек. Спорттық залдар 15 сәуірге дейін жабық болады. Кейін жаттығулар жалғасуы тиіс. Кейін халықаралық турнирлерге дайындығымызды бастаймыз.

Қазіргі уақытта Бокс федерациясының ұжымы қысқартылған жұмыс кестесіне көшті. Жеке жаттығулар кезінде сақтық шаралары күшейтілген. Зарарсыздандыру жұмыстары күніне бірнеше рет өткізіліп тұрады. Айта кетейік, коронавирустың таралуының алдын алу мақсатында өңірде 180-ге жуық спорттық-бұқаралық шара кейінге қалдырылды. Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының мәліметінше, 18 чемпионат наурыз айының соңына қарай шегерілді. Сонымен қатар спортшыларға республикалық жарыстарға қатысуға шектеу қойылды.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы