411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


4 сәуір – Бекзат Саттархановтың туған күні

  • 212
  • UPD: 12:24, 04.04.2020

Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттарханов бүгін 40-қа толар еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

20 жасында жарқ етіп шыққан жұлдызымыз ерте сөнді.

Осыдан 20 жыл бұрын «Хабар» арнасының спорт комментаторы Амангелді Сейітханов дәл осылай сүйінші сұрады. Сол кезде қуанбаған қазақ жоқ шығар. Ізінше Бекзат Амангелді ағаға телефон соғып, өтініш жасапты. Сондағысы бұл жеңісімді Түркістанның 1500 жылдығына арнадым. Осыны елге жеткізсеңіз деген екен. Тікелей эфир өтіп кетті. Жазбаны қайта ұйымдастыру мүмкін емес. Бірақ арнадағы әріптестермен ақылдаса келе, чемпионының айтқан бір ауыз сөзін бейнеқайталауға сыйдырудың амалын таптық дейді.

Амангелді Сейітханов, спорт комментаторы:

– Олимпиадаға талай спортшылар барып жатыр. Жеңіске жетіп жатыр. Бірақ соның ішінде өтініш айту, ол да өзінің азаматтық көзқарасы. Түркістанға деген, туған жерге деген құрмет. Екіншіден, соны айта алуда бір өжеттілік жатқан сияқты. Соның өзінен Бекзатты тани бергуге болады. 

Осы жеңістен кейін ел Бекзатты енді-енді тани бастаған. Бірақ көп ұзамай өмірден өтті. Соның өзінде оның қарапайымдылығына, еңбекқорлығына және ырымшылдығына қатысты естеліктер көп. Мәселен, жекпе-жекке чемпионның жидесімен шыққым келеді деп, бокстағы ағасы Ермахан Ибрагимовтың спорттық майкасын сұрап алыпты. Үлкендеу болса да, артын буып алып жұдырықтасқан. Ал күнделікті өмірде өте бауырмал болды дейді. 

Ермахан Ирагимов, олимпиада чемпионы:

– Қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Гитарада, домбырада ойнады. Өлең айтып, адам көңілінен шығып, бәрін өзіне баурап алатын.

Бұл күндері Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешені бар. Қала мен ауылдарда көше аттары берілді. Бұған қоса, «Хабар» Агенттігінің тапсырмасы бойынша былтыр көркем фильм жарық көрді.

Амангелді Сейітханов, спорт комментаторы:

– Дәтке қуат, көңілге дем беретіні «Хабар» сол 20 жылда Бекзатты ұмытқан жоқ. Ол туралы турнир болса, содан материал ұсынды. Сериал мен толықметражды фильм түсірді. Осының бәрі не үшін қажет. Бізде осындай батырдың бір кезде көк туды биікке көтергенін насихаттау. Екіншіден оның жеңісті жолы бүгінгі буынға үлгі болса деген үміт.

Түркістан қаласында жыл сайын Бекзат атындағы халықаралық турнир өтіп тұрады. Бірақ биыл короновирус қаупіне байланысты барлық жарыс кейінге қалдырылып жатыр. Қалай болғанда да даңқты боксшының есімі ешқашан ұмытылмайды және оның жеңіс жолын жалғастырғысы келетіндердің де көбейе беретіні анық.

Автторлары: Аслан Қаженов, Диас Қобыланбаев

Хабар 24 телеарнасы