420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үйде жаттығу жасау тиімді – отандық спортшылар

  • 387
  • UPD: 23:08, 23.04.2020

Жыл он екі ай жаттығу жасап, жарыс көрігін қыздырып жүретін спортшыларымыз қазіргі уақытта жіпсіз байланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені елдегі төтенше жағдай тәртібі баршаға ортақ.

Дегенмен қол қусырып қарап отыруға тағы болмайды. Байрақты бәсекелерде ел мерейін асқақтатып жүрген ұл-қыздарымыз үйде отырып-ақ бабын жоғалтпау үшін үйреншікті жаттығуларын жасап, шынығып жүр.

Биыл Олимпиада жыл еді. Токио ойындарын тағатсыздана күтіп жүргенде, коронавирус әлемді жайлап, спортшыларды тығырыққа тіреді. Алайда спортты өмірлік серігі еткен жандардың жамбастап жата алмасы белгілі. Дене тәрбиесі денсаулық кепілі деп білетін ұл-қыздарымыз үйде жүріп-ақ бабын жоғалтпауға тырысып бағуда. Олар әлеуметтік желі арқылы әртүрлі жаттығулар жасап, жастарға үлгі көрсетті.

Елдос Сметов, олимпиаданың күміс жүлдегері:

– Бүкіл әлемде болып жатқан індетке байланысты үйден шықпай, қатаң карантинді ұстанып, осы індетті жеңіп шығуымыз керек. Жай отырмай, салауатты өмір салтымен, спортпен айналысыңыздар. Мен сіздерді спортпен айналысуға шақырамын.

Жарыс біткеннің барлығын ұтқан Елдосқа олимп шыңы ғана бағынбай жүрген. Сол биіктен көріну үшін аянбай тер төгіп жүрген дзюдошы енді келер жылдан үміт күтеді. Футболшы Елдос та ерінбей, күніне екі уақыт жаттығу жасап, бос кезінде кітап оқығанды жақсы көреді екен.

Бір жылдары ел абыройын асқақтатқан Бақтияр Артаев пен Әлия Юсупова және Ольга Рыпаковалар да спорттан бір елі алыстаған емес. Күн сайын түрлі жаттығулар жасап, салауатты өмір салтын ұстанады.

Спортшылар үйде жаттығу жасаудың тиімді екенін айтады. Біріншіден, қаржылай шығын болмайды. Екіншіден, уақытты үнемдейсің және ешкім ойыңды бөлмейді. Сондықтан спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанғыңыз келсе, үйде отырып-ақ көп істі тындыруға болады дейді спортшылар.

Авторы: Жандос Айтбайұлы

Хабар 24 телеарнасы