430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Пандемия басталғалы ҚФФ жетекшілері ФИФА, УЕФА басшылығымен жиі кеңеседі

  • 337
  • UPD: 12:47, 30.04.2020
Пандемия басталғалы ҚФФ жетекшілері ФИФА, УЕФА басшылығымен жиі кеңеседі

Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының жетекшілері ортақ жиын өткізді деп жазады ұйымның ресми сайтына сілтеме жасаған Olympic.kz.

Футбол үйінде өткен кездесуде Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин, Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының жетекшіcі Олжас Абраев, сонымен қатар департамент директорлары қатысты.

«Әлем қауымдастығы қиын кезеңді бастан кешіріп жатыр. COVID-19 індеті көптеген бірлестіктер мен ұйымдардың толыққанды қызметіне кедергі келтіруде. Оның арасында әртүрлі спорттың ұлттық федерациялары бар. Барлығында дерлік жарыстар тоқтатылған. 

Пандемия басталғаннан Қазақстан футбол федерациясының жетекшілері ФИФА, УЕФА және ҚКФЛ жетекшілерімен жиі кеңеседі. Сонымен қатар, біздің халықаралық әріптестермен бірнеше бейнеконференциялар ұйымдастырылды. Осы келіссөздердің нәтижелері Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының ресми сайттары мен әлеуметтік желілерінде жарияланды. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарға тағы бір мәрте көңіл аударатын сәт туды. Қазақстандық жанкүйерлер мен жарысқа қатысушыларды біздің құрама мен клубтық командалардың ойындарының қалай жалғасатыны қызықтырады. Сол себепті қазіргі жағдайды еске салуды жөн деп санаймын», - деді Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин.

- Футболдан Қазақстанның барлық құрамасының, футзал және жағажай футболының ойындары пандемияның етек жаюына байланысты кейінге қалдырылды. Әрі қарай УЕФА, ФИФА және BSWW тарапынан хабарландыру келеді;

- Қазақстандық кәсіпқойлар мен әуесқойлардың чемпионаттарының ойындары, кубок турнирлері, футзал мен жағажай футболынан ел чемпионатының кездесулері пандемиямен қатар, елімізде қабылданған төтенше жағдайға байланысты кейінге қалдырылды.

- ҚФФ мен ҚКФЛ OLIMPBET-Қазақстан Чемпионатының жалғастырудың екі нұсқасын қарастыруда. Ең негізгісі екі айналымнан тұратын жарыс. Тағы бір нұсқа – биылғы маусымда «күз-көктем» жүйесіне ауыстыру туралы ұсыныс. Ел Кубогы, сонымен қатар, Бірінші және Екінші лиганың ойындарын өткізу жөнінде де әртүрлі нұсқалар қарастырылып жатыр.

- Карантин аяқталғаннан кейін ішкі турнирлердің қатысушыларына жарысты жалғастыру жөнінде хабарлама жіберіледі. Командалар мен төрешілер екі апта оқу-жаттығу жиынын жүргізу мүмкіндігін алады. Елімізде төтенше жағдай ұзартылғаннан кейін ҚФФ мен ҚКФЛ жетекшілері кезекті жиынын өткізді. Күн тәртібінде жарысты жалғастыру мен басқа ортақ жобаларды бойынша алдын-ала жоспарлар қарастырылды. Мәселен, салауатты өмір салтын қалыптастыруды насихаттайтын білім беру бағыттары. Толығырақ УЕФА мен ФИФА-ның сараптамалық жұмысының қорытындысынан кейін белгілі болады.

Хабар 24 телеарнасы