420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Латвия жанкүйерлері хоккейден өз құрамасына жеңіс сыйлады

  • 312
  • UPD: 10:16, 27.05.2020

Латвия хоккейден әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтсақ, латыш жанкүйерлері Халықаралық хоккей федерациясы ұйымдастырған онлайн турнирде белсенділік танытып, өз құрамасына жеңіс сыйлады. Кибержарысқа Қазақстан құрамасы да қатысты. Алайда, әзірге айтарлықтай нәтиже көрсете алған жоқ.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Коронавирус пандемиясы көптеген жарыстың форматына өзгеріс енгізді. Мәселен, әдетте бұл уақытта хоккейден әлем біріншілігінің көрігі қызып жататын. Ал карантин жағдайында бұл турнир онлайн сипатқа ие болды. Яғни, айдындағы айқас интернет алаңға ауысып, негізгі тартыс жанкүйерлер арасында өтті. Өкінішке қарай Қазақстан құрамасын қолдаушылар өзге мемлекеттермен салыстырғанда анағұрлым аз болып шықты.

Дегенмен, бұл онлайн турнирде қазақстандықтардың жарқ етуіне әлі де мүмкіндік бар. Ендігі кезек ел намысын қорғайтын киберхоккейшілерде.

Марлен Бейсебаев, Қазақстан шайбалы хоккей Федерациясы маркетинг және PR бөлімінің жетекшісі:

- Киберспорттан әлем біріншілігіне қатысуға ниет білдіргендер саны 30-дан асты. Бұл жерде Канада, Ресей және АҚШ-пен салыстырғанда Қазақстандағы хоккей аудиториясы бірнеше есе аз екенін ескеру керек.

Диас Иманшапих – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі. Іріктеу кезеңіндегі ақтық айқаста қарсыласқа есе жіберсе де, жолы болып, халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын болды.

Ескеретін жайт, ұлттық құрамаға Қазақстан азаматтары ғана алынады. Диастың киберхоккеймен айналысқына 4 жылдан асыпты. Осы уақыт аралығында өзге мемлекеттердегі басты қарсыластарын танып үлгеріпті.

Диас Иманшапих, киберспортшы:

- Толқып тұрғаным рас. Өз елімнің намысын қорғайтыныма қуаныштымын. Жақсы нәтиже көрсетемін деп үміттенемін. Финляндияда мықты қарсыластың бар екенін білемін. Ол Xbox-та ойнайды. Содан қауіптенемін.

Онлайн хоккейге деген қызығушылық карантин кезінде бірнеше есе артты. Алайда, айдындағы әсерді теледидар алдында отырып сезіну мүмкін емес. Бұл – астаналық «Барыс» пен ұлттық құраманың шабуылшысы Әлихан Әсетовтың пікірі. Жалпы оның бұлау деуіне толық негіз бар. Өйткені Әлихан хоккейді 16 жасында бастаса, киберспортқа 17 жасында бет бұрыпты.

Әлихан Әсетов, хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы:

- Бұл жерде менің спортшы, ал менің қарсыласымның спортшы емес екені айтарлықтай маңызды емес. Ойынды кімнің қалай меңгергені шешеді. Қазақстанда киберхоккейдің пайда болғанына хоккейші ретінде қуандым. Сондықтан доданы назарда ұстап, біздің спортшыларды қолдап отырамыз.

Елімізде киберхоккей енді қанат жайып келе жатыр. Жазда Қазақстанның шайбалы хоккей және киберспорт федерациялары бірлесіп, ұлттық біріншілік өткізбек. Ал дода жеңімпаздары халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік алады.

Марлен Бейсебаев, Қазақстан шайбалы хоккей Федерациясы маркетинг және PR бөлімінің жетекшісі:

- Менің ойымша, киберспорт сияқты виртуалды дүниелер елдегі цифрландыру үрдісін жандандырады. Осыған байланысты біз де заман ағымына ілесіп, өз аудиториямызды кеңейтіп жатырмыз.

Киберхоккей турниріне 16 елдің спортшылары қатысып жатыр. Олардың әрқайсысы чемпион атану үшін кем дегенде 4 кезеңде жеңіске жетуі қажет. Алдағы жұмада Қазақстан ұлттық құрамасы Ресеймен күш сынасады. Ал жеңімпаз 7 маусым күні анықталады. Оларға бағалы сыйлықпен қатар хоккейден әлем чемпионатының билеттері табысталады.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Біржан Валиев, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы