410,33 456,25 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңаөзенде халықаралық деңгейдегі футбол ойындарын өткізуге мүмкіндік туады

  • 175
  • UPD: 08:51, 31.05.2020
Жаңаөзенде халықаралық деңгейдегі футбол ойындарын өткізуге мүмкіндік туады

Биыл Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында халықаралық деңгейдегі футбол ойындарын өткізуге мүмкіндік туады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әмин Тұяқов атындағы орталық стадион толық жаңартылып жатыр. Халықаралық талапқа сай төсеніш төселді. Кешеннің аумағы тастан қашалған қоршаумен қоршалады. Айналасына 57 қуатты жарықшам орнатылып, 3900 шаршы метр жүгіру жолы салынады. Жөндеу жұмыстарына қазынадан 200 млн теңге бөлінді. Құрылыс алаңында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша 50 адам еңбек етіп жатыр. Орталық стадиондағы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін облыстық «Каспий» футбол клубының  резервтік алаңы болмақ. Жалпы Жаңаөзен қаласында «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 39 жоба жүзеге асырылады.

Берік Ізғалиев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

– Орталық алаңды абаттандыру жұмыстары, қаламыздағы орташа жөндеу жасалатын автомобиль жолдары, жаңадан салынатын автомобиль жолдары, білім саласының объектілері, сосын су беріп отырған тазарту ғимаратының жұмыстары жүріп жатыр. Біздің қаламызда халық үшін қолайлы, абаттандырылған, жүріп тұруға ыңғайлы ортаны қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар жасалуда.

Хабар 24 телеарнасы