405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық спортшылар жабық кешендердегі дайындыққа кірісті

  • 139
  • UPD: 16:18, 06.06.2020

Бірақ оның барысы кәдімгідей өзгерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни қалыптасқан жағдайға байланысты барлық санитарлық талап қатаң сақталуы қажет.

Елордадағы ірі спорттық кешендердің бірі. Әдетте мұнда бірнеше секция қатар жұмыс жасап, ішіндегі тіршілік қыз-қыз қайнап жататын. Бірақ бұл жолы, яғни біз барғанда тек дзюдо шеберлерін ғана көрдік. Оның өзінде тұрақты келушілердің үштен бір бөлігі жүр. Қалыптасқан жағдайға байланысты жекелей жаттығулар белгілі бір қашықтықта жасалады. Ал жұптық элементтер бір ғана қарсыласпен және басқаларынан алыстау жерде қайталануы қажет.

Мейірлан Байғамбетов, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Балалар залды сағынған. Карантин уақытында барлығы үйлерінде жаттығу жасады. Енді қазір залда жаттығып жатырмыз. Залдағы жұмыс бөлек. Дзюдошылар залда жаттығу керек.

«Толағай» жоғары спорт шеберлігі мектебі елордадағы кәсіпқой спортшылардың басын біріктіреді. Яғни мұнда халықаралық жарыстарда ел намысын қоған жүргендер жетерлік. Сондықтан олардың жаттығуға кірісуіне және тезірек бапқа келуіне ерекше көңіл бөлінеді. Осы мақсатта дәл қазір бапкерлерден бөлек, спорттық психолог және спорттық дәрігер де білек сыбана іске кіріскен.

Айман Қалева, дзюдодан жаттықтырушы:

– Біздің спорт түрінде залдағы жаттығудың маңызы зор. Сондықтан жабық кешендердегі дайындыққа рұқсат берілгені қуантады. Спортшылар ұзақ үзілісте артық салмақ қоса қоймаған. Көңіл-күйлері жақсы. Сондықтан күнделікті бірер сағат шеберлікті шыңдап тұрсақ, бір ай көлемінде толық бапқа келеміз деп ойлаймын.

Енді дзюдошылар жарыстар кестесін тағатсыздана күтіп отыр. Әсіресе, карантинге байланысты жастар арасындағы ел чемпионаты өтпей қалған еді. Міне, осындай байрақты бәскелерге қатысты ақпарат шықса, жаттығу жұмыстары да нақты бір жүйеге түседі дейді мамандар. Айта кету керек, қазір дәл осындай қарбалас басқа да спорт түрлерінде басталды.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы