432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысында спорт нысандары жөндеуден өтеді

  • 333
  • UPD: 22:43, 11.06.2020

Ақмола облысында биыл 4 бірдей спорт нысаны салынып жатыр. Дене шынықтыру және сауықтыру кешендері аудан орталықтарында бой көтеруде. Тағы 6 нысан жөндеуден өтеді. 

Степняк қаласындағы бұл стадион, аты күрделі жөндеу болғанымен жаңадан бой көтеріп жатқанмен бірдей. Себебі бұрынғы футбол алаңының орнында енді заманауи трибуналары бар үлкен спорт нысаны пайда болмақ. Ал аудан орталығында мұндай кешен бұрын-соңды болмаған. Ал құрылыс, тамыз айында аяқталады. 

Арман Истаев, Біржан сал аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Футбол жарысын өткізуге болады. Жеңіл атлетика, президенттік көпсайыс, волейбол, баскетбол, көп жарыстар өткізуге болады.

Аудан орталығында стадион ғана емес, дене шынықтыру және сауықтыру кешені де салынып жатыр. Мұнда екі бірдей бассейн болады. Одан бөлек бірнеше ойын залы жайғасады. Дәл осындай нысандар қазір Аршалы, Целиноград және Ерейментау аудандарында да бой көтеруде. Сала мамандарының айтуынша, құрылыс жұмыстары келесі жылы да жалғасады. 

Қуаныш Қуатбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары: 

- Щучинск қаласында салынатын спорт сарайының жобалық-сметалық құжаттарына ақша бөлу жоспарланып отыр. Құжаттары реттелсе құрылыс алдағы жылы басталады. Сондай-ақ Есіл ауданында да дене шынықтыру және сауықтыру кешені бой көтереді.  

Салаға жауаптылардың айтуынша, Осылайша алдағы жылдары барлық ауданды спорт нысандарымен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Олардан бөлек өңірде балалар мен жасөспірімдерге арналған 30 шақты кәсіби спорт мектебі бар. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ендігі мақсат дәл осындай спорт алаңқайларын көбейту дейді мамандар. Себебі қазір аймақтың 5-6 ауданында ғана осындай футбол алаңдары бар. Ал қалғандары мұндай нысандармен қамтылмаған. Ал балаларға арналған мұндай футбол алаңдары, олардың спортқа деген алғашқы қадамдары болмақ.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы