417,87 496,90 5.72
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түрік супер лигасы қайта басталады

  • 195
  • UPD: 14:05, 12.06.2020

Әлемді жайлаған коронавирус мәдениет саласын ғана емес, спортқа да кесірін тигізгені белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді Түркия пандемия салдарынан үш айға тоқтаған супер лига ойындарын бүгін қайта бастамақ. Бірақ елдегі футбол матчтары жанкүйерлерсіз өтеді.

Меруерт Қанағат, тілші:

– Футбол десе ішкен асын жерге қоятын түрік жанкүйерлері үшін пандемия өте ауыр тиді. Өйткені 90 күн бойы елдің ең ірі стадиондарында футбол додасының жаңғырығы естілген жоқ. Осы жетіден бастап, ойын қайта жанданады. Бірақ жанкүйерсіз. Алайда спортшылардың рухын көтеру үшін стадионда жанкүйелердің айқай-шуы мен лозунгтерін әндедетін арнайы қондырғылар орнатылады.

Футболистер стадионға матч алдында ғана келуі тиіс. Бұдан бөлек, кездесу барысында қауіпсіздікті қамтамасыз ететін полицейлер де соңғы 48 сағаттың ішінде сынамадан өткені туралы анықтамаларын әкелулері тиіс. Матч орбитерлеріне де бетперде міндеттелген. Ережелерден хабардар болған жанкүйерлердің көңіл-күйлері түссе де, бұл кезеңнің өткінші екенін айтып отыр.

Сойдан Дениз, жанкүйер:

– Елімізде футбол матчтары дүркіреп өтеді. Достарымыздың өзімен 90 минут бойынша қас жауға айналамыз. Алайда халықаралық кездесулерде бірлігіміз өзгеге үлгі. Бұл жолы матч барысында көзіміз екі экранда болатын секілді. Бірінде футбол, екіншісінде достарымыз.

Мурат Өнер, жанкүйер:

– Туғаннан «Галатасарайдың» жанкүйерімін. Матчтарды стадиондарда үзбей тамашалайтынмын. Ол жерде сезім әрине басқа. Амал жоқ. Қазірше осылай.

Толга Актимур, жанкүйер:

– Германиядағы лига да жанкүйерсіз өтіп жатыр. Футбол рухы жоқ секілді. Біздегіні бүгін көреміз. Бұған да үйренетін шығармыз. Биыл қалыпты өмірдің талай өзгеріске ұшыраған жылы болды.

Жанкүйерлер футболды арнайы лицензиясы бар мекендерде тамашалайды. Алайда, ара қашықтықты сақтауы тиіс орындарға тек санаулы адам ғана кіре алады. Осы ретте, трансляцияға құқығы бар компаниялар ел азаматтарына супер лиганы ақысыз көру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Ибрахим Шахин, кафе меңгерушісі:

– Мекенімізде қажетті сақтық шараларын толық орындадық. Бүгінгі матчқа сақадай саймыз. Белгілі мерзімге дейін тек жартылай жұмыс жасаймыз. Сондықтан орындардың бәрі толатын шығар. Себебі халқымыз үшін футболдың орны бөлек. Ережелерді орындап, қайта жауып тастамау үшін бар күшімізді жұмсаймыз.

Ел ішіндегі турнирлік кестенің көш басында қазір «Трабзонспор», «Башакшехир», «Галатасарай» және «Сивасспор» тұр. Жанкүйерлердің биылғы чемпион кім болатыны жөнінде пікірі әрқалай. Айта кетейік, супер лига тамыз айына дейін өз мәресіне жетуі тиіс.

Авторлары: Меруерт Қанағат, Гөкальп Йамен

Хабар 24 телеарнасы