423,92 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ескек есу спортынан елорданы әлемдік орталыққа айналдыруға не кедергі?

  • 374
  • UPD: 21:18, 06.07.2020

Астанамыз  ескек есу спортының әлемдік орталығына айнала алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қаланың табиғи мүмкіндігі жеткілікті. Енді тиісті қаржы бөлініп, заманауи инфрақұрылым салынуы қажет. Отандық мамандар осындай бастама көтеріп отыр.

Бас қаламызды ескек есу спортының орталығына айналдыру туралы бастама 2000 жылдары айтыла бастады. Өйткені елордада оған қажет барлық мүмкіндік бар. Айталық, жыл сайын небір қонақ үйлер мен спорттық сарайлар салынып жатыр. Яғни, осында апталап жатып, жалпы физикалық дайындықты пысықтауға жағдай жеткілікті. Ал арнайы дайындықты Есіл өзенінде пысықтауға болады. Қаланы қақ жарып өтіп жатқан өзен оған толық мүмкіндік береді. Енді осы факторлардың басын біріктіріп, астанамызды неге ескек есудің әлемдік орталығына айналдырмасқа? Бұл жайында жауапты мамандар да жақсы біледі. Тіпті, оған қатысты жоспар құрылып,  қаржы да қарастырылған. Бірақ оның іске асуы әртүрлі себептермен кейінге қалдырылып келіпті.

Асхат Қалиақпаров, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы:

– Ең жақсысы, гребной канал жасаса бізге, құрастырып берсе. Орындар бар жасайтын. Бірақ та қаржы жоқ. Бізге 2012 жылы жасап береміз деп айтты. Содан кейін ЭКСПО басталып кетті, одан кейін дағдарыс. Сонымен әлі күтіп отырмыз. Қазақстан бойынша бір де бір арнайы гребной канал жоқ.

Анықтама үшін айта кетейік, Есліл өзенінің ені 70 метрге жуықтайды. Ал  ескек есудегі жарыс жолының ені  250 метрді құрайды. Бұған қосымша спортшылардың кері оралуына қажет 100 метрді тағы қосыңыз. Осындай жағдай жасау үшін өзен жанынан ескек есу каналы қазылуы керек. Әлемдік тәжірибе сондай. Елордада оған қолайлы екі орын бар. Енді оның аумағын арнайы техникамен кеңейтіп, тиісті инфрақұрылым орнату қалып тұр. Ал егер жарыс жолының үстін арнайы жабындымен жабатын болса, онда тіпті әлемдегі алғашқы, сәйкесінше, теңдессіз орынға айналар еді. Ал әзірге мұның бәрі арман ғана. Осындай инфрақұрылымның жетіспеушілігінен жерлестеріміз көрші елдерде жаттығу жиындарын өткізуге мәжбүр. Арасында еуропаға да барып тұрады. Яғни, қыруар қаржы соғұрлым далаға шашылып жатыр деген сөз.

Лукаш Островский, қалалық академиялық ескек есу федерациясының құрметті президенті:

– Еуропа елдерінде ескек есу ұлттық спорт сияқты болып кеткен. Яғни, бұқаралық дамуы жақсы. Клубтық жүйе қалыптасқан. Қаржыландыру тетігі мемлекетке тәуелді емес дегендей. Міне, дәл осындай жағдайды Қазақстанда да қалыптастыруға болады. Қазір елордадағы мамандармен тығыз жұмыс жасап, тәжірибемізбен бөлісе бастадық. Мұндағы әлеует өте зор. Әсіресе, ескек есудегі жастар мен жасөспірімдердің талпынысы кермет. Енді оларға жан-жақты қолдау жасап, әлем және олимпиада чемпиондары атануына жол ашсақ дейміз.

Иә, елордалық федерация қазір кәрі құрлық мамандарымен тығыз қарым-қатынас орнатып жатыр. Яғни, спортшылармыз шетелге шықпай-ақ, қажетті білім мен біліктілікті енді осында-ақ алатындай жағдай жасағысы келеді. Ал енді спортқа бұқаралық дүмпу әкелу үшін, әрине, инфрақұрылымды бір жолға қойған абзал.

Сол арқылы құрлықтық және әлемдік деңгейіндегі байрақты бәселерді қабылдауға мүмкіндік ашылады. Оны көрген балалар мен жасөспірімдер спорттық мектептерге ағылар еді дейді мамандар. Ал оның артында ел иммиджі мен ұлт саулығы деген дүниелер тұр. Соңғысы маңыздылығы жағынан қазір бәрінен жоғары екені белгілі.

Авторлары: Аслан Қаженов, Аят Дүйсембаев

Хабар 24 телеарнасы