420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Фитнес залдардың иелері карантиннің жеңілдеуін асыға күтіп жүр

  • 275
  • UPD: 21:38, 06.08.2020

Қауіпті кесел жұртқа да, билікке де оңай тиіп тұрған жоқ. Үкімет вирус таралмау үшін каратинді қатайтып жатса, ел табысымнан айрылдым деп қынжылады. Спортшылардың да айтары бар.

Фитнес залдары қашан ашылады? Бұл сұрақ тек спортшыларды емес, осы кәсіптен нәсібін тауып жүрген азаматтарды да қатты алаңдатады. Қыруар қаржыға ғимарат пен спорттық жабдық сатып алған олардың бизнесі тоқтап қалудың аз-ақ алдында тұр.

Елордалық Елдар Ажетов - кәсіби бодибилдинг шебері. Осы спорт түрімен 23 жылдан бері айналысып келеді. Бірақ соңғы жарты жылда бір де бір жарысқа қатыса алмады. Себебі карантин. Тренажер залдары да жөнді жұмыс істеген емес. Соған қарамастан, Елдар ашық аспан астында жаттығып жүр.

Елдар Ажетов, бодибилдинг шебері: 

- Әдетте аптасына 6 рет айналысамын. Себебі мен үшін спорт - тұрақты өмір салты. Наурыз айында алғашқы карантин басталған кезде өз үйімнің кіреберісіне орнатылған спорттық жабдықтарда жаттығып, 1-қабаттан 11-қабатқа дейін жүгіріп жүрдім. Бірақ залда дайындалғанмен салыстыруға келмейді. 

Ал бұл Алматыдағы жабылудың аз-ақ алдында тұрған тренажер залдары. Карантин тәртібі екінші мәрте енгізілген кезде есіктерін қайта жабуға мәжбүр болды.

Бақтияр Шектібаев, фитнес-тренер: 

- Қатаң шектеулер кезінде жұмыс істедік. Арақашықтық сақталды. Біздің статистка бойынша келушілердің арасында коронавирусқа шалдыққандар болған жоқ. Тек бір ғана адамнан симптомсыз түрі анықталды. Оның өзінің вирусты қайдан жұқтырғаны белгісіз. 

Фитнес залы иелерінің айтуынша, келушілер арасында вирус жұқтыру дерегі басқа орындармен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Мұны әлемдік зерттеулерге қарап білуге болады. Мәселен, АҚШ-та 3 мыңнан астам тренажер залы тексеріліп, онда спортпен айналысушылардың тек 0,3 процентінен вирус анықталған. 

Бақтияр Шектібаев, фитнес-тренер:  

- Елде карантин біткен бойда фитнес залдары алғашқылардың бірі болып жұмысын бастаса дейміз. Себебі біз ауырған адамдардың қайта қалыпқа келуіне көмектемесіз. Одан бөлек қалғандарының да иммундық жүйесін нығайтуға сеп боламыз. Бізде шығын көбейіп кетті әрине. Қазақстан бойынша әр өңірде жүздеген қызметкеріміз бар. Бәрі жұмыссыз отыр. 

Медицина мамандары болса, фитнес залдарын ашуға әлі де болса ерте дейді. Себебі мұндай орындарда санитарлық тазалықтың дұрыс сақталып, адам денсаулығына кері әсер етпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. 

Айгүл Хасенова, ҚР оңалту көмегі жөніндегі ұлттық үйлестіруші: 

- Кондиционер қосады. Ол болмайды ғой. Сосын әртүрлі құрал-жабдықтар бар. Оларды кім тазалап отырады. 

Демек, Елдар секілді спортшылар тренажер залдарына жақын уақытта кіре алмауы мүмкін. Бұған тек уақыт төреші. 

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапияұлы

Хабар 24 телеарнасы