421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде шахматтан ең ауқымды онлайн турнир басталды

  • 184
  • UPD: 10:12, 03.09.2020

Бүгін елімізде шахматтан ең ауқымды онлайн турнир басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дәрмен Сәдуақасов атындағы кубокқа 900-ден аса бала қатысып жатыр. Дәл осы көрсеткіш өзіндік рекорд болып табылады. Барлық үміткер арнайы платформада өзара мықтыны анықтайды. Ал, жарыстың жалпы қорытындысы аптаның соңында белгілі болады.

Балалар арасындағы айтулы дода жыл сайын дәстүрлі өтіп тұрады. Бірақ биыл қалыптасқан жағдайға байланысты онлайн үлгіде болып жатыр. «Бәйтерек» холдингі, Дәрмен Сәдуақасов академиясы және «Bolashaq» қауымдастығы оның өте жоғары деңгейде ұйымдастырылуына барлық жағдайды жасаған.

Айдар Әріпханов, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы:

- Біз отандық шахматты дамытуға үлес қосып, балаларымызға жаңа жағдайларға бейімделуге көмектескенімізге қуаныштымыз. Пандемия кезеңінде онлайн-форматтар қазақстандық мектептің халықаралық аренадағы позициясын нығайтудың жалғыз қауіпсіз тәсілі болатыны анық.

Әділжан Ертаев, жарысқа қатысушы:

- Екі жылдан бері шахматтан шеберлік шыңдап жүрмін. Сөздің шыны керек, дәл осындай турнирлер мен сияқты қатысушыларға үлкен мүмкіндік ашады.

Жарысқа қатысып жатқан жүздеген үміткер 3 жас деңгейі бойынша сынға түседі. Арнайы платформадағы айқасты төрешілер бақылайды. Бұған қоса, түрлі қитұрқылықтарды анықтайтын топ бар.

Дәрмен Сәдуақасов, халықаралық гроссмейстер:

- Тәжірибелі гроссмейстерлер осындай жағдайлардың алдын алады. Яғни, олардың міндеті – лас әрекеттерді уақытылы байқап не соған қатысты өтініштерге лезде ықпал жасау. Соның негізінде арнайы комиссия шешім қабылдайды.

Жарыстың жалпы жүлде қоры 2 миллион 600 мың теңгені құрайды. Яғни, биыл жеңімпаздар ақшалай сыйлық алады деген сөз. «Осылайша, жас өрендерді барынша ынталандырып, отандық шахматтың деңгейін кәдімгідей көтеруге атсалыссақ», - дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Жандос Сұлтанғазы

Хабар 24 телеарнасы