428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандық спортшылар жаттығуға оралды

  • 257
  • UPD: 10:56, 29.08.2020
Қазақстандық спортшылар жаттығуға оралды

Қазақстандық спортшылар оқу-жаттығу жиындарына оралды. Карантин жағдайындағы оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру және бақылау үшін құрылған Ұлттық Олимпиада комитетінің жедел штабы ұлттық құрамаларға арналған оқу-жаттығу жиындарын өткізу мен ұйымдастыруды қайта бастау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Olympic.kz.

ҰОК аккредиттеген мамандандырылған спорт базаларына Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылдың 14 тамызындағы №47 қаулысына сәйкес, жаттығу процестерін санитарлық-дезинфекциялық режимді толық сақтай отырып қана жүргізуге рұқсат етіледі.

Жаттығу жиыны кезінде нысандардың дайындығы, талапқа сәйкестігі және олардың белгіленген нормаларды сақтауы жедел штабтың қатаң бақылауында болады. Спорт нысандарында барлық санитарлық норманың сақталуын қамтамасыз ету үшін үнемі тиісті тексерулер жүргізіледі. Тамыздың үшінші онкүндігінен бастап ауыр атлетика, фристайл, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, керлинг, садақ ату, шорт-трек, гандбол және көркем гимнастика құрамалары оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан командалар қатарына қосылды.

Оқу-жаттығу жиындарына рұқсат алу үшін барлық спортшылар мен жаттықтырушылар ПТР тестілеуден бірнеше рет өтеді.

Атап айтқанда, спорт базаға келер алдында және карантин режимінен өткеннен кейінгі оқу-жаттығу жиыны кезінде тапсырады. Тек осы процедурадан өткендерге ғана жиынға қатысуға рұқсат етіледі. Жиынға қатысатын барлық адамдар (спортшылар, жаттықтырушылар, қызметкерлер) қажетті жеке санитарлық құралдарымен толық қамтамасыз етілген.

Оқу-жаттығу жиындары кезіндегі қауіп пен байланысты азайту мақсатында ҰОК спортшыларды қабылдайтын спорттық нысандар мен қатысушыларға арнайы оқшаулау іс-шараларын дайындады. Базаға ҰҚК мүшелерінен басқа адамдардың кіруіне жол жоқ және де қатысушылар саны мүмкіндігінше қысқартылады. Спортшылармен бірге жұмыс істейтін мамандарға да дәл осындай талаптар қойылып, ұлттық құрама мүшелері сияқты арнайы процедурадан өтеді. База ішіндегі жұмыстарды атқаратын өзге де қызметкерлердің кез келген спортшымен байланысқа түсуіне тыйым салынады. Спортшылар мен қызметкерлерді тексеру күніне бірнеше рет жүргізіледі. Нысана спортшылар жоқ кезде арнайы кесте бойынша дезинфекцияланып отырады.

Барлық ұлттық құрама команданың басты мақсаты Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алу мен алдағы қысқы маусымға дайындалу басты мақсат болып қала береді.

Хабар 24 телеарнасы