420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Оралдық отбасы спорттың бірнеше түрін серік еткен

  • 100
  • UPD: 10:50, 13.09.2020

Оралда спортты жанына серік етіп, биік белестерді бағындырған отбасылар аз емес.

Ұлдар арасында баскетболдан облыс бойынша аға жаттықтырушы Досым Қуанаевтың отбасы да солардың қатарында. Спорттың бірнеше түрінен бапкер ретінде танылған ол өз перзенттерін де салауатты өмір сүруге баулып келеді.

Досым Қуанаев уақытының көп бөлігін спорт залында өткізеді. Кезінде күрес пен боксқа ден қойған ол кейін гір спортымен шындап айналысты. Әр жылдары шәкірттері Қазақстан чемпионатының жүлдегері атанды. Өзі баптаған бір шәкірті Еуропа чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді. Арасында спорт шеберлері де бар.

«Бертін келе баскетболға аңсарым ауды. Өңірде кенже қалған спорт түрін дамытсам деп алдыма мақсат қойдым. Бастапқыда қалалық, облыстық турнирлерді ұттық. Қазақстан чемпионаттарында олжа салдық. Стритболдан ел тарихында тұңғыш рет жеңімпаз атандық. Ендігі мақсат – ел құрамасы сапында өнер көрсету», – дейді тәжірибелі бапкер.

Досым Қуанаев, ұлдар арасында баскетболдан БҚО бойынша аға жаттықтырушы:

– Шыны керек, спортқа отбасымызбен бейімбіз. Осы спорт түрін отбасымызбен өмірімізге серік еттік. Үлкен қызым Гүлназ мектеп қабырғасында баскетбол ойнады. Қалалық чемпионаттарға қатысып жүлделі орындар алды. Одан кейінгі қызым Нұрайна Ақтөбеде спорт колледжін аяқтап, Ақтөбе командасымен бірге ҚЧ қатысып, қыздар арасында ҚЧ екі дүркін чемпионы атанды. Қазір тренерлік жұмысын бастап жатыр.

Екі қыздан кейінгі ұлы Мансұр да кәсіби спортшы болуды армандайды. Баскетболдан жасөспірімдер арасындағы облыс құрамасының ойыншысы ретінде әйгілі Әлжан Жармұхамбетовты үлгі тұтады. Ол – 3 дүркін Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері. Кезінде Атырау құрама командасы сапында да өнер көрсетіп, үздік ойыншы атаныпты.

Мансұр Досымұлы, баскетболдан спорт шеберлігіне үміткер:

– Үйде әкем екеуміз бокспен айналысамыз. Әкем маған өзінің әдіс-айлаларын үйретеді. Біз отбасымызбен таңертең жүгіреміз. Спортпен айналысқанда мен өзімді жақсы сезінемін. Ол адамның денсаулығын шыңдайды.

«Отбасында қолдау болмаса, мұндай жетістікке жету мүмкін емес», – дейді Досым. Бұл ретте жаттықтырушының жұбайы Әлияның көмегі аз емес.Мектеп кезінен спорттық гимнастикамен айналысқан соң болар, қазір де жаттығу залына жиі барып тұрады.

«Жеткен әр жетістікте спорттың үлесі бар. Ал отбасы күнін атап өту – келер ұрпақ үшін қажет», – дейді ол.

Әлия Жароева, қала тұрғыны:

– Әрбір отбасын бірлікке, татулыққа баулиды деп есептеймін. Әр отбасының өзіндік ережесі бар. Таңертең 3-4 км жүгіреміз. Өзімізді шынықтырып келіп, таңғы ас ішкен соң алға қойға жоспарларымызбен бөлісіп, ақылдасуға, пікірлесуге уақыт бөлеміз.

Міне, сергектікті сүйетін отбасы мүшелері тағы да жүгіру алаңына шықты.

Арманы асқақ жандардың мақсаты айқын. Ол: отбасы жарастығын сақтай отырып, Отан үшін еңбек ету, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғау.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы