420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


NBA-дің ең табысты ойыншылары: олар жайлы не білеміз

  • 76
  • UPD: 17:47, 17.09.2020
NBA-дің ең табысты ойыншылары: олар жайлы не білеміз Stone Forest

Біз әдетте футболшылардың қалтасын санауға құмармыз. Бірақ бағамдап қараған адамға баскетболшылар да аз ақша таппайды. Себебі бұл спорт түріне мұхиттың ар жағында қызығушылық жоғары.

Бүгін 2019/2020 маусымда ҰБҚ клубтарындағы ең табысты баскетболшыларды алдық. «Форбс» деректері бойынша, біздің тізімге енген 15 ойыншының жалпы табысы 500 миллион долларға жуықтайды.

 

Блэйк Гриффин – 34,2 млн доллар

«Детройт Пистонс» 31 жастағы форвард Блэйк Гриффинмен келісімшартты 2022 жылға дейін жасасқан. Ал оның 2019/20 жылғы маусымда тапқан табысы 34,2 млн долларға тең. Дегенмен карантинге дейін басшылықтың бұл ойыншының өнеріне көңілі толмай жүрген. Әрі қарай қалай боларын кім білсін. Сөйте тұра Гриффин – «Детройттың» ең қымбат ойыншысы.

 

Джимми Батлер – 35,2 млн

Ал «Майами Хиттің» 30 жастағы қорғаушысы Джимми Батлерге төленетін қаржы көлемі 35,2 млн долларды құрайды. «Майами» қатарын былтыр жазда ғана толықтырған Батлердің клубпен келісімшарты 2023 жылға дейін жарамды. Бұған дейін ол «Миннесота» және «Филадельфия» клубтарында өнер көрсеткен.

 

Кемба Уокер – 35,2 млн

Былтыр Кемба Уокер «Шарлотт Хорнетс» сапынан «Бостон Селтикс» клубына ауысқан болатын. Оның жаңа клубтағы жылдық табысы – 35,2 млн доллар. Яғни клубтың ең қымбат ойыншысы да осы Кемба деген сөз. Алғашқы маусымда 32,7 млн доллар алған Уокер 2022/23 маусымда 37,6 млн долларды қалтасына басады.

Кемба Уокер «Шарлотт» сапында 82 матч өткізіп, әр ойында орта есеппен 25,6 ұпай жинап отырған.

 

Кайри Ирвинг – 35,2 млн

Кайри Ирвинг – ҰБҚ-дағы ең қымбат шетелдік ойыншы. Былтырғы маусымаралық кезеңде Бостоннан Нью-Йоркке қоныс аударған 28 жастағы австралиялық қазір «Бруклин Нетс» намысын қорғап жүр. 2022/23 маусымға дейін жасалған келісімшарт бойынша, Ирвинг жылына 35,2 млн доллар алады. Келісімшарт аяқталар тұста қаржы көлемі 37,6 млн долларға көбейеді.

«Бостонмен» бірге ол плей-оффқа дейін жетіп, 9 матчта өнер көрсетті. Әр ойында жинаған ұпайы – 21,3.

 

Крис Миддлтон – 35,6 млн

Шабуыл шебінде ойнайтын қорғаушы Крис Миддлтоннің қолында  «Милуоки Бакспен» жасаған 5 жылдық келісімшарты бар. 28 жастағы баскетболшы жылына 35,6 млн доллар табыс табады екен. Соның арқасында ол «Милуокидегі» ең қымбат ойыншы саналады.

Кристің әр матчта жинайтын ұпай көрсеткіші орта есеппен 17-ге тең.

 

Тобиас Харрис – 36 млн

26 жастағы форвард Тобиас Харрис 2019 жылдың 2019 ақпанында «Лос-Анджелес Клипперстен» «Филадельфияға» ауысты. Оның бұл келісімшартының құны – 180 млн доллар. Ал әр маусым сайын 36 млн долларды қанжығасына басып отыратын Харрис клубтың ең бағалы ойыншысы. Жаңа клуб сапында ол матч сайын орта есеппен 15,5 ұпайдан жинап отырған.

 

Леброн Джеймс – 37,4 млн

35 жастағы форвард Леброн Джеймс осыдан екі жыл бұрын «Лос-Анджелес Лейкерспен» жаңа келісімшартқа отырған. 2019/20 маусымда Леброн 37,4 млн доллар табыс тапты. Ал төрт жылдық келісімшарттың жалпы құны 153,3 млн долларға тең. Есесіне баскетбол тарихындағы ең үздік ойыншылардың бірі саналатын Леброн жарнамалардан түсетін пайда жағынан әріптестерінен көш ілгері.

 

Клей Томпсон – 37,9 млн

2019 жылдың 30 маусымында «Голден Стэйт» қорғаушысы Клей Томпсон клубпен 5 жылдық келісімшарт жасасты. Соған сәйкес ол осы уақыт аралығында 190 млн доллар табыс табады. Ал оның жылдық табысы 37,9 млн долларға тең. 2023/24 маусымда бұл көрсеткіш 43,2 млн доллар болмақ.

Клубтағы көшбасшы ойыншылардың бірінен саналатын Томпсон әр ойында шамамен 20,7 ұпайдан жинап отырған.

Дэмиан Лиллард – 39,2 млн

29 жастағы Дэмиан Лиллард – «Портленд Трэйл Блэйзерс» үшін ең бағалы ойыншылардың бірі. Сүйікті командасын ешбір клубқа ауыстырмақ емес. Бұған былтыр жасалған 5 жылдық келісімшарт дәлел. Жаңа келісімге сай, «Портленд» Лиллардқа жылына 39,2 млн доллар төлейді. Яғни бұған дейінгі жалақысынан 10 млн долларға артық. Бұл түсінікті де, себебі әр матч сайын Лиллард 26,9 ұпайдан жинап отырады.

 

Крис Пол – 39,9 млн

Крис Пол – «Хьюстон Рокетстегі» көшбасшы ойыншылардың бірі. Қолданыстағы келісімшартына 2018 жылы қол қойылған. Келісімнің жалпы құны 159,7 млн долларға тең. Пол жылына 39,9 млн доллардан алып отырады.

 

Стефен Карри – 40,2 млн

32 жастағы Стефен Карри Кевин Дюрант кеткелі клубтың ең қымбат ойыншысы саналады. «Голден Стэйт» қатарында жүріп маусым сайын 40,2 млн доллар табыс табады. Ал 2021/22 маусымда жылдық жалақысы 45 млн долларды құрайды екен.

Былтырғы маусымда клубтың плей-офф финалына дейін жетуіне тікелей себепші болған Карри әр ойында 28 ұпайдан еншіледі.

 

Кевин Дюрант – 41 млн

«Бруклинге» ауысуға келісім берген 31 жастағы форвард Кевин Дюрант жалпы сомасы 164,2 млн долларды құрайтын 4 жылдық келісімшартқа қол жеткізді. Бұл дегеніңіз – Дюрант жылына 41 млн доллар табыс табады деген сөз. Ал 2022/23 маусымда оның жалақысы 44 млн долларға жетеді.

 

Расселл Уэстбрук – 41,3 млн

Расселл Уэстбруктің агенті өз клиенті үшін ҰБҚ-дағы ең тиімді келісімшартқа қол жеткізді. Осылайша 5 жылда Уэстбрук жалпы алғанда 207,7 млн доллар табыс табады. Бұған бонустарды қосыңыз. 31 жастағы «Оклахома-Сити» клубының ойыншысы жылына 41,3 млн доллар табыс табады. 2022/23 маусымда жылдық қаржы көлемі 47 млн доллар болады.

 

Джон Уолл – 42,7 млн

29 жастағы Джон Уолл –«Вашингтонның» ең қымбат ойыншысы. Қолдағы келісімшарт бойынша, ол жылына 42,7 млн доллар табыс тапса, 2022/23 маусымда жылдық жалақы 47,3 млн долларға жетеді.

 

Джеймс Харден – 42,7 млн

30 жастағы шабуылшы Джеймс Харден – ҰБҚ-дағы ең қымбат баскетболшы. Келісімшарттың жалпы құны Джон Уоллдың келісімшарт құнына тең – төрт жылға 171,1 млн доллар. Яғни ол да жылына 42,7 млн доллар табыс табады деген сөз. Дегенмен инсайдерлер Харденнің бонусы өзге әріптестерінен әлдеқайда көп дегенді алға тартады. Тиісінше алатын жалақысы да өзгелерге қарағанда артығырақ болады.

Харден әр матч сайын орта есеппен 31,6 ұпай жинаған.

Бұл тізімге Кавай Леонард енген жоқ. 2019 жылғы маусымаралық кезеңде еркін агенттердің арасында ең қымбат ойыншы дәл осы Леонард болатын. 2018/19 маусымда Леонард «Торонто» сапында өнер көрсетіп, әр ойын сайын орта есеппен 30,5 ұпай жинап отырды және ҰБҚ-да чемпиондық атаққа қол жеткізді. «Голден Стэйт Уорриорзбен» өткен сол финалда Леонард MVP атанған болатын.

Ал былтыр Кавай еркін агент құқығын сақтай отырып «Лос-Анджелес Клипперс» қатарын толықтырды. Мамандар оның жылдық табысы 35 млн долларды құрайтынын айтады.

Авторы: Мәдина Асылбек

Хабар 24 телеарнасы