422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде пневматикалық қаруды қолдануды үйрететін жалғыз спорт клубы жабылуы мүмкін

  • 119
  • UPD: 11:00, 23.10.2020

Ақтөбеде балаларға пневматикалық атыс қаруын қолдануды үйрететін жалғыз спорт клубы жабылу алдында тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұзақ жылдар бойы жаттығу залы болған ғимаратты әкімдік балабақша балансына беруді ұйғарған. Ал, елге танымал чемпиондарды тәрбиелеген ұйымның ендігі тағдыры белгісіз. Мұндай жаңалықты естіген балалар мен ата-аналар шарасыз күйде отыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Жасөспірімдерді атыс қаруына үйрететін спорт клубына ғимаратты босату туралы хат өткен аптада келген. Содан бері ұжымның жағдайы мәз емес. Балалар мен ата-аналардың көңіл күйі түссе, жаттықтырушылар құрамы қала әкімдігіне барып қамқорлық сұрауды жиілеткен.

Василий Постников, спорттық-сауықтыру клубының жаттықтырушысы:

- Өскелең ұрпақты Отанды сүю, қорғау секілді асыл құндылыққа баулуымыз керек. Ол үшін оларды жастайынан тәрбиелеу қажет. Ал, қазір қалада нысан көздеп ату ойыны қалған жоқ. Ал, бізде мылтық, пистолет қолдану үйретіледі. Бұл түрлі гаджеттерге үйір болған балалардың бос уақытын тиімді өткізудің бір жолы. Ең бастысы, спорт түрі!

Клуб ғимараты өткен дәуірде қызмет еткен авиациялық зауыттан мұрагерлікке қалған. Екі жағындағы бірнеше қабатты нысандардың мәртебесі 90-жылдары анықталып, бірі балабақшаға айналса, енді бірі жекенің қолына өткен көрінеді. Ал, балаларды кәсіби спорт түріне баулитын ортасындағы шағын жай әбден ескірген. Шұрық-тесігі көбейсе де, ешкім көңіл бөлмепті. Қолдау болмаған соң өткен жазда ата-аналардың күшімен төбенің шатыры жаңартылған. Бірақ қазір ғимараттың жанындағы балабақшаға берілетіні белгілі болып отыр.

Бақыт Есенжанов, қала тұрғыны:

- Енді біздің сұрайтынымыз, балалар қайда барады? Ертең ал балабақшаға берейік. Балабақша балалары мына жерде не істейді? Мен түсінбеймін, логика жоқ.

Дәулет Ерниязов, оқушы:

- Осындай секциялар көп болса деймін. Өйткені атыс көбісіне керек болады. Бұл ойыммен көбісі келіседі деп ойлаймын. Бұл да спорттың бір түрі. Менің ойымша, бұл өте қажет. Өйткені Ақтөбе облысында мұндай спорт түрі өте аз.

Клуб ғимаратын қарамағына алатын мектепке дейінгі ұйым өкілдері оның өте қажеттігін айтады. Нысанның есебінен спорт және музыка залы жасақталмақ. «Әрі атыс қаруы қолданылатын ұйымнан тәрбиеленушілерге де қауіп зор», дейді.

Гүлназ Құсайынова, №3 балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы:

- Балалардың денсаулығына да зияны тие ме деп қорқақтаймын. Өйткені қару-жарақтар келеді ол жерге. Ортақ аула бізде. Әртүрлі жағдай болады. Мылтық болған соң қорқақтап отырамыз. Мына жерде ең кішкентай топтың алаңы сол жерде. Балаларымыз серуенге сол жерге шығады.

Қазір бұл мәселенің шешу жолын қала әкімдігі қарастырып жатыр. Қызметкерлерінің айтуынша, спорт клубын сақтап қалу күн тәртібінде тұр.

Азамат Бекет, қала әкімінің орынбасары:

- Әрине, біз балаларымызды ешқайда тастамаймыз. Қазір альтернатива ретінде басқа ғимараттар ұсынамыз. Енді оның болашағын қарай жатармыз.

Спортпен айналысатын балалар әзірге жаттығуларын жалғастыра беретін болды.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы