424,63 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақсай қаласында спортпен шұғылданатын зейнеткерлердің қатары артты

  • 313
  • UPD: 10:01, 24.10.2020

Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында спортпен шұғылданатын зейнеткерлердің қатары артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар таза ауада бірлесе жүгіруді әдетке айналдырған. Осы арқылы бой сергітіп, жан мен тән саулығын назарда ұстайды. Салауатты өмір салтына дағдыланып, қатерлі ауруды жеңіп шыққан қариялар да бар.

Ақсайлық ақсақал Есенгелді Дарханов көпке үлгі болып жүр. Жасы жетпіске таяса да әлі тың. Қуаты кемімеуінің құпиясын спортпен байланыстырады. Ол қысы-жазы таза ауада жүгіреді. Соңғы кездері жанына алпысты алқымдаған бауырын да ертіп шығатын болды.

Есенгелді Дарханов, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Аптасына 3 рет жүгіремін. Қыста шаңғы тебемін. Егер ауа райына байланысты жер қолайсыз болса, стадионға келемін. Спорт денсаулыққа пайдалы. Соңғы рет қашан ауырғаным есімде жоқ. Қан қысымым қалыпты. Буындарым сыздамайды.

Ақсайда спортпен шұғылданып, ауыр дерттен құлан таза айыққан зейнеткерлер де бар. Татьяна Ветрова 6 жыл бұрын обыр дертіне шалдыққан. Оған операция жасалып, 15 мәрте химиотерапия курсынан өткен. Қатерлі індет зейнеткерді әбден қалжыратып, тіпті мүгедек қылып тастаған еді. Алайда Татьяна Ветрова оңай берілген жоқ.

Татьяна Ветрова, Ақсай қаласының тұрғыны:

- Басында қиын болды. Химиотерапиядан кейін әлім қалмады. Кейін таза ауада бой сергіткен соң, қуат пайда бола бастады. Спортпен шұғылдануды әдетке айналдырдым. Қазір жағдайым жақсарып қалды. Мүгедектігім де кетті. Аптасына 3-4 рет жүгіремін. Спорт тынысымды кеңейтті.

Ақсай қаласында ашылған жаңа спорт кешенінде тұрғындар тегін жаттығады. Мұнда жастармен қатар, егде жастағы адамдар да жиі келеді. Мәселен, жұмасына екі рет әуесқой волейболшылар жиналып, өзара бақ сынайды. Командалар құрамындағы ойыншылардың жасы 45-тен жоғары.

Армат Исанов, Бөрлі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:

- Есік әрдайым ашық. Аулада баскетбол, волейбол алаңы бар. Соған көп халық келеді. 2019 жылы ауданымызда 8 көпсалалы спорт алаңы салынды.

Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған жобалардың нәтижесі көңіл қуантарлық. Бөрлі ауданында салауатты өмір салтын ұстанатын тұрғындар үлесі 30 пайыздан асты.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы