423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордада спортты қаржыландыру жүйесі өзгереді

  • 169
  • UPD: 21:56, 26.10.2020

Нұр-Сұлтан қаласында спортты қаржыландыру жүйесі өзгереді. Бұдан былай байрақты бәсекелерге аттану үшін жауапты басқарманың табалдырығын тоздырып, ондағы басшылардың қас-қабағына қараудың қажеті жоқ. Бапкер мен спортшы қаржылық мәселелерді өзі шешеді. Бастама саладағы ақша айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, ең бастысы, шын таланттардың тасада қалып қоймауына көмектеседі деген үміт бар. 

Спортты қаржыландыру жүйесін өзгерту жайы 2017 жылдары айтыла бастады. Тіпті нақты мақсаттар айқындалып, заңға өзгеріс те енгізген еді. Енді оны кезең-кезеңмен жүзеге асыру керек. Елордадағы спортқа жауапты басқарма алдымен қос дирекция құрды. «Толағай» мектебін олимпиадалық, ал «Жігерді» олимпиадалық емес спорттарды дамыту дирекциясы деп өзгертті. Спорт түрлері де іріктелді. 

Самат Ерғалиев, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Біздің жергілікті әкімдіктен бөлінетін қаржыны жаттықтырушылар білу керек. Әр спорт түріне қанша ақша бөлініп жатқанын. Сол бөлінген ақшаны ала отырып, қаржылық күнтізбесін және жаттығу жоспарын жасау керек.

Қазір жергілікті басқарма саладағы қаржы айналымын барынша ашық әрі тиімді қолдауға күш салып жатыр. Яғни оқу-жаттығу жиынына не жарысқа барғысы келгендер ешқандай табалдырықты тоздырмау керек. Жаттықтырушы да, спортшы да, бөлінген қаржының көлемін біліп, соған сәйкес жоспарын құрып, одан әрі еш алаңсыз дайындыққа ден қойсын деген мақсат бұл. 

Асқар Абдрашев, еркін күрестен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Бұрын календарный план дейді, сондай жоспар жасаймыз ғой. Бірақ оған тиесілі ақшаны ала алмай, кішкене қиындықтар болатын. Енді бәрі ашық болады дейді ғой. Біз қазір енді бір жылға қанша қаржы бөлінеді, мысалы, еркін күрес бөліміне, соны ашық көре аламыз. 

Әр спорт түріне бөлінген қаржы жариялы болатынын айттық. Бірақ бұл ақша сол көлемде ғана қарастырылып, одан кейін ештеңе берілмейді дегенді білдірмейді. Спортта аяқасты өзгерістер болып жатады. Эпидемиологиялық ахуал құбылып тұрған кезде жоспар өзгеріп, жаңа жарыс пайда болуы мүмкін. Сондықтан қосымша қаржы бөлінсе, жаттықтырушылар мен спортшыларға ол жөнінде ақпарат беріледі.

Авторлар: Аслан Қаженов, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы