425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмолалық баскетболшылар жыл басынан бері жалақы ала алмай жүр

  • 132
  • UPD: 18:38, 30.10.2020
Ақмолалық баскетболшылар жыл басынан бері жалақы ала алмай жүр

«Синегорье» кәсіби спорт клубының қыздар құрамасы өздерінің қиын жағдайда қалғандарын айтып, жақында әлеуметтік желіде бейнежазба таратты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған дейін де талай жерге шағымданған ойыншылар «мұнымыздан еш нәтиже шығар емес», - дейді. Мәселеге біздің тілшілер де араласып көрді.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Апта басында тараған бұл бейнежазбада әйелдер баскетбол құрамасының барлық ойыншысы қосылып, базынасын бұқараға жариялады. Бұл жерде бірі жалақы мәселесін көтерсе, енді бірі «клуб бізге келісімшартта көрсетілген жағдайларды жасамады», деп налиды. Қыздардың көбі қазір басқа клубтарға ауысып кеткен. Олармен бетпе-бет кездесу мүмкін болмаған соң спортшылардың бірімен бейнебайланыс арқылы сұхбат алдық.

Дамира Әуелбекова, баскетболшы:

- Клуб басшылығы бізді командаға шақырғанда ақшамыз бар, қаржы мәселесі туындамайды деп сендірген еді. Оған қоса, «Көкшетауда тұрып жаттығасыңдар» деп айтқан болатын. Алайда, келісімшартқа қол қоя сала, барлығы күрт өзгерді. Бізді алдымен «сендерді Көкшетауда тұрғызатын жағдай жоқ», деп Щучинск қаласына апарып орналастырды. Бірақ біз соған қарамастан өз міндетімізді орындадық.

Қыздардың сөзінше, клуб, оларға былтыр да жалақы бермеген. Бірақ ол қарыздарынан биылғы жылдың басында құтылыпты. Ал, клубтағылар болса, ойыншылар ғана емес, қазір өзіміз де жұмыссыз қалдық. «Қаржы тапшылығынан тіпті банкрот болуға шақ тұрмыз», - дейді. Айтуларынша, мұндай мәселе ерлер құрамасында да бар. Қысқасы, екі команданың ойыншылары мен жаттықтырушылары, клубтың басқа да қызметкерлерін қосқанда барлығы 30 шақты адам қиын жағдайда қалған.

Ольга Белодед, клуб өкілі:

- Әйелдер баскетбол құрамасына шамамен 5 млн, ал ерлер құрамасына 12-13 млн теңгедей берешекпіз. Былтыр жағдайдың қиын болғаны, тапсырыс берушілер біздің командаға 20 млн теңге ғана қаржы бөлді. Алайда, бізге ол жетпейді. Шығынымыз бір жылда 100 млн теңгеден асады. Осылайша, клуб өз қалтасынан 38 млн теңге жұмсауға мәжбүр болды. Ал, қазір мүлдем ақшасыз қалдық. Себебі, құзырлы орындар бұған мүмкіндік бермей отыр.

Клуб мүшелері «баскетболдан аймақтың намысын қорғайтын біз ғана, сондықтан, бұл өңір үшін өте ұят жағдай болуы тиіс», - дейді. Ал, облыстық спорт басқармасының басшылығы бұл қалыпты жағдай екенін айтады. Себебі, аймақта футбол командасынан басқасының бәрі бәсекелік ортада. Яғни, әркім өз күнін өзі көреді. Ал, мемлекеттен алатын нәпақасын тендерден табады.

Әсет Бүкібаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Өздеріңіз білесіздер, наурыз айында елімізде төтенше жағдай жарияланып, барлық спорттық іс-шаралар тоқтатылды. Сол себепті, біз екінші тендерді ойната алмадық. Ал, ақшаны облыстық бюджетке қайтарып бердік. Осындай күтпеген жағдайлардың болатынын олар өздері де сезіп, сақтандыру шараларын қолға алу қажет еді.

Бірақ клубтағылар біз қарап отырған жоқпыз. Мәселені шешу үшін қазір бар күшімізді салып жатырмыз. Облыс әкімдігінен бастап Президент әкімшілігіне дейін хат жолдадық. «Енді солардан үлкен үміт күтеміз», - дейді.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

 

 

Хабар 24 телеарнасы