425.59 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда ат спорты үйірмесі ашылды

  • 87
  • UPD: 10:38, 07.11.2020

Павлодарда  жастарды ұлттық ат спортына баулитын үйірме ашылды. «Құлагер» ипподромына ат жалын тартып өспесе де жылқы малының қадір-қасиетін түсінетін қала жастары көптеп келіп жатыр. Олар  жүйрік ат, құмай тазы ерткен қазақы салт-дәстүрлерді бойына сіңіреді. Сонымен қатар «Аударыспақ», «Көкпар», «Теңге алу»  сынды ұлттық ойындарды үйренеді.

Нариман Әбіл, команда капитаны:

- Әр баланың өзіне арналған сәйгүлігі болады ғой. Сол мынау Телторы деген. Сол міне екі жыл болды шауып жүргенім.

Телторыны тізгіндеген Нариман Әбіл бүгінгі күні көкпар мен аударыспақтан жастар командасын құрған. Ауыздығымен алысқан сәйгүліктердің күтімі де ерекше.

Нариман Әбіл, команда капитаны:

- Таңертең ерте тұрып аттарды жайлаймыз өзіміз. Балалар келеді. Аттарды жайлап тренировкаға шығамыз. Үш круг жасап өзіміз есік алдына келеміз. Аударыспақ ойнаймыз, көкпарға муляж тартамыз.

Үйірме жұмысын бастаған қысқа мерзімде шабандоздардың саны 30 –дан асыпты. Он екі жасар Кенжеғали Сенбай асау үйрететіндей болып қалған.

Кенжеғали Сенбай, шабандоз:

- Осы атымның аты Қарақасқа. Мен осы аударыспақ, көкпар үйірмесіне қатысып жүрмін мамыр айынан және де осы аударыспақ пен көкпар ойыны өте тәуекелге берілген. Соған қарамастан қатысып жүрмін. Мінезі бар да жылқының. Кішкене, аса қатты үйренбеген. Соған, көкпарға өзім үйретін жүрмін.

Жас шабандоздармен қазір үш жаттықтырушы жұмыс істеп жатыр. Жасөспірімдер арасында ат спортына қызығушылық өте жоғары. Сондықтан қалалық спорт бөлімі осы бағыттағы жұмысты ары қарай дамытуға мүдделі. 

Дәуір Ерғабылов, қалалық спорт және дене шынықтыру бөлімінің жетекшісі:

- Біз басында «Аударыспақ» пен «Көкпар» ойындарына қатысушыларды қабылдаймыз деп  әлеуметтік желілерде хабарландыру берген болатынбыз. Айналасы бір аптада 12 мен 26 жас аралығындағы 30 адам жиналды. Оларды 15 адамнан екі топқа бөліп команда жасақтадық.

Індетке байланысты өңірде биыл аламан бәйгелер өтпеді. Ал ұлттық ат спортын дамытуға қалалық бюджеттен 9 миллион теңге бөлінген. Жеке кәсіпкер 12 атты жалға беріпті. Шабандоздар суық түскенге дейін «Құлагер» ипподромында, одан кейін спорт залдарында жаттығуларын жалғастыратын болады.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы