422.40 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорданың шеткі аудандарында спорт мектебі жоқ

  • 162
  • UPD: 21:15, 10.11.2020

Тіпті қарапайым секцияларын да таппайсыз. Балалар бос уақытын тиімді өткізу үшін қалаға қатынайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал енді ғана салынып жатқан 4 кешен бұл мәселені шеше ала ма?

БЛИЦ:

– Спорт нысандары осы Кирпичный ауданында жоқ. Осы үшін спорт нысандары салыну керек.

– Спорт мектебі керек бұл жерге.

– Спорт секторлары жоқ. Қаншама бала бар.

Өндіріс тұрғын алабында 50 мыңдай адам тұрады. Мұнда спорт кешені тұрмақ, мектеп те жоқ. Осыған алаңдаған елордалық Ержан Есжанов алты жыл бұрын әкімдіктен алған жер теліміне спорт клубын салмақшы. Батпақты жерді баптап, тас-топырағын тасып қойған. Бірақ нысанның өзін салуға қаражат таппады.

Ержан Есжанов, зейнеткер:

– Бұл жерде бірде бір әлеуметтік жоба жоқ. Балаларды дала тәрбиелеп жатыр. Темір тасып, ақша тауып жүрген олардың бұзақылыққа бармасына кім кепіл?! Спортпен шынығу үшін қалаға барады. Балаларға жанымыз ашиды. Бізге инвесторлар қажет емес. Тек жеңіл несие берілсе екен. Осы аумаққа екі қабатты нысан салғымыз келеді. Ешқандай кірісті көздемейміз, балаларымыздың болашағы үшін табалдырық тоздырып жүрген жайымыз бар.

Аумаққа жарық тартылды. Жылу желісі де дайын. Құрылысқа 200 миллион теңгеден аса қаржы қажет. Енді осыған тиімді несие бөлінсе, әлеуметтік нысанды салып, балалардың игілігіне беруге дайын азаматтар бар.

Ал Жібек жолы ауылындағы жағдай мүлде бөлек. Мұндағы мектеп салуға бөлінген жер игерілмей жатыр. Халық бірталай есікті қағып, көмек сұраған.

Сәкен Мәуленов, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

– Спорт мектебі, болмаса спорт секциялары, тіпті балабақша болмай тұр. Бұл мәселе халыққа ауыр тиіп тұр. Бұл жерде 1500 үй бар. Бірақ әкімшілік тарапынан осы жаққа тіркелген адамдар аз болып көрінуі мүмкін. Біздің өсіп келе жатқан балаларымыз осы жерде өссе, өнсе, дамыса дейміз.

Күн сайын ауыл мен қала арасына қатынап, табан тоздырғандардың бірі – Гүлмира Зейнуллина. Қос құлыншағының болашағын ойлаған ана ауылда спортпен айналысуға еш мүмкіндік жоғын айтып қынжылды. Айтары бұл ғана емес.

Гүлмира Зейнуллина, Жібек жолы ауылының тұрғыны:

– Екі балам бар. Күнде таңертең мектеп және балабақшаға апарамын. Қиын, көшкенімізге төрт ай болды. Мына жақта не бір балабақша, не мектеп жоқ. Ауыл жақта бар, бірақ онда бару қиындау. Бізде емхана жоқ. Дәрігерге бару үшін кезекке тұрамыз. Шағын ауданға фельдшер берсе жақсы болар еді.

Қазір бас қалада 11 балалар және жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Онда 8,5 мың жас спортшы тәрбиеленеді. Шет аймақтардың ішінде мұндай кешен қазір Пригородный тұрғын үй алабында ғана бар. Ал билік өкілдері іргедегі ауылдардың ахуалы назарда дейді.

Ақерке Өтегенова, қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы бөлімінің бас маманы:

– Қаланың шеткі аймақтарында тұратын тұрғындарды денешынықтыру мен спортқа баулу мақсатында 4 денешынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Олар келесі жылы қолданысқа беріледі. Онда сол тұрғын алаптарының балаларын, жасөспірімдерін қамтитындай және іргелес жатқан аудандарды да қамтитын деңгейде. Олар Өндіріс, Көктал 2, Қараөткел және Железнодородный тұрғын алаптарында салынуда.

Сөйтіп келер жылы Өндіріс тұрғын үй алабында да спорт кешені бой көтеруі тиіс. Жалпы алдағы бес жылда ел аумағында 30 мыңға жуық спорттық кешен салынады. Бұл нысандар қала іргесінде жағалай қоныстанған халыққа жеткілікті бола ма? Оны уақыт көрсетеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерзат Зайытхан, Аян Сәрсенбаев

Хабар 24 телеарнасы