422.87 509.00 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Токио олимпиадасы 2021 жылдың жазында өтеді

  • 87
Токио олимпиадасы 2021 жылдың жазында өтеді

Токио олимпиадасы көрермендердің қатысуымен өтеді.

Бұл жөнінде халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах мәлімдеді. Беделді ұйым басшысы мен Жапония премьер-министрі жазғы ойындарға қатысты мәселелерді талқылап, ортақ келісімге келді. Оның нәтижесінде жанкүйерлер жарыс алаңына жіберілетін болды. Бұған қоса байрақты бәсекенің уақыты өзгермейді. Бұған дейін қалыптасқан жағдайға байланысты шегеріліп, соңғы уақытта тағы да кейінге қалдырылуы мүмкін деген пікірлер шыға бастаған. Жауапты мамандар мерзімі өзгермейтінін қадап айтты. Яғни Токио олимпиадасы 2021 жылы 23 шілде мен 8 тамыз аралығында ұйымдастырылады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы бұл жарысқа 100-ден аса лицензия алуды жоспарлап отыр. Қазір жерлестеріміз еншісінде 42 жолдама бар.

 

Гүлнұр Ыбырай қола жүлдегер атанды

 

Гүлнұр Ыбырай – әлем кубогының жүлдегері. Дәл қазір ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік дода жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні 64 келіге дейінгілер арасындағы бәсеке өткен. Мұнда еліміздің намысын Гұлнұр Ыбырай қорғады. Қазақстандық спортшы қос сайыс қорытындысы бойынша 197 келіні басынан асырып, қола жүлдегер атанды. Одан 2 келі артық көтерген Колумбия өкілі күміс жүлдеге ие болды. Ал бірінші орын мексикалық бұрымдыға бұйырды. Айта кетейік, жарыстың алғашқы күні қазақстандық Аблай Әуелханов жеңімпаз атанды. Ол 55 келіге дейінгілер арасында сынға түсіп, қос сайыста 237 келілік зілтемірді көтерді.

 

Тапаншамен нысана көздеу бойынша ел чемпионаты өтуде

Сұрмергендер сайысына жан бітті. Тапаншамен және винтовкамен нысана көздеу бойынша ел чемпионаты өтіп жатыр. Байрақты бәсекені биыл Шымкент қабылдады. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ге жуық спортшы жиналды. Санитарлық талаптар қатаң. Қатысушылар арнайы тест тапсырды. Көрермендердің кіруіне рұқсат жоқ. Осылайша үміткерлер 20 қарашаға дейін өзара мықтыны анықтайды. Айта кету керек, бәсеке ерлер және әйелдер бойынша ғана өтіп жатыр. Ал жастар және жасөспірімдер арасындағы чемпионат қалыптасқан жағдайға байланысты болмайды. Шымкенттегі жарыс нәтижесінде ұлттық құрама жасақталып, олимпиадалық лицензия жолындағы жарысты жалғастырады. Дәл қазір ұлттық құрама еншісінде бір жолдама бар. Оны жергілікті Юрий Юрков еншілеген болатын.

 

 

Хабар 24 телеарнасы