420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бүгін бокстан ел чемпионаты басталады

  • 110
  • UPD: 12:46, 23.11.2020
Бүгін бокстан ел чемпионаты басталады

Бүгін бокстан Қазақстан чемпионаты басталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ұзақ үзілістен кейін ел үздіктері Шымкентке жиналды. Бас-аяғы 200-ден аса спортшы 10 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды. Ерекшелігі сол, биылғы біріншілік біріктірлген форматта өтеді. Яғни, ерлер арасында және қыздар арасында бәсеке бір мезгілде ұйымдастырылмақ. Қазір барлық боксшы соңғы дайындықтарын пысықтап жатыр. Жарыстың алғашқы күні жеңіл және ауыр салмақтар бойынша іріктеу өтеді. Ал, жартылай финалдық және финалдық сындар, сәйкесінше, 28 және 29 қарашаға жоспарланған. Бұған қоса, жарыстың жүлде қорына қатысты ақпарат пайда болды. Биылғы чемпионатқа 20 миллион теңге бөлінген. Яғни, бірінші орын алғандар 500 мың теңге, одан кейінгілері 300 мың және 100 мың теңгеден алады.

***

Алматыда күрестен ел чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың алғашқы күндері еркін күрес шеберлері өзара мықтыны анықтаған. Нәтижесінде Нұрқожа Қайпанов, Эльхан Асадов, Ғалымжан Өсербаев сияқты ұлттық құрама спортшылары үздік атанды. Бәсеке барысында сенсациялық жағдайлар болып, жаңа есімдер де шығып жатыр. Бүгін қыздар арасындағы белдесу басталады. Одан кейін бозкілемге классиктер шығады. Өзге спорт жаңалықтары алдағы топтамада.

***

«Барыс» тағы да есе жіберді. Құрлықтық лига аясында елордалық клуб уфалық «Салават Юлаевпен» жолыққан еді. Матч сырт алаңда өтті және онда бес бірдей шайба соғылды. Ең алғаш болып қазақстандық команда сапындағы Роман Старченко мергендігімен көзге түсті. Бірақ артынша алаң иелері басымдықты өз қолдарына алып, қорытынды есепті 4:1-ге жеткізді. Осылайша, «Барыс» қатарынан төртінші мәрте жеңіліп отыр. Нәтижесінде турнир тізімінің 9-сатысына төмендеді. Яғни, осы қарқынмен кете берсе, елордалық клуб плей-офф-қа шыға алмайды деген сөз. «Салават Юлаев» болса, керісінше, Шығыс Конференциясының 5-сатысына көтерілді. Енді Юрий Михайлис баптайтын жігіттер «СКА» командасымен жолығады. Матч 24 қарашада Санкт-Петербург қаласында өтеді.

Хабар 24 телеарнасы