419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Астана» велокомандасын қандай өзгеріс күтіп тұр?

  • 97
  • UPD: 08:45, 24.11.2020

«Астана» велокомандасы ағайынды Йон және Горка Исагирремен келісімшартты ұзартты.

Алайда құрамнан Алексей Луценко мен Александр Власов кетуі мүмкін. Еуропа басылымдары таратқан ақпарат осындай. Сондай-ақ команда Ниццадан Белгиягияға қоныс аударады деген де айтылды. Осы орайда, команда басшылығы желдей ескен қауесеттерге қатысты өз жауабын берді.

Пандемияның кесірінен спорт саласы да шатқаяқтады. Әсіресе, аты әлемге әйгілі ұжымдар аман қалуға барын салды. Бұл тұрғыда біздің «Астанаға» оңай соқпады. Өйткені мемлекет велокоманданы қаржыландыруды қысқартпақ. Ал бұл сайып келгенде топтан үздік спортшылардың кетуіне түрткі болды. Мәселен, Мигель Анхель Лопес енді қазақстандық құрамада өнер көрсетпейді. Александр Власов пен Алексей Луценко де солай, Еуропа басылымдары қос спортшының кетуі мүмкін дегенді жазды

Дмитрий Фофонов, «Astana Pro Team» велокомандасының спорт директоры:

- Әрине, басқа командаларға да жақсы спортшыларға қолқа салуына рұқсат. Алексей Луценко – үздіктердің бірі. Ол осы жерде туып-өскен спортшы болса да бұл оның өмір бойы қазақстандық командада өнер көрсетеді дегенді білдірмейді. Ертең оған біреу жақсы ұсыныс жасауы мүмкін ғой?. Алексеймен сөйлестік. Ол әзірге біздің шарттардан бас тартқысы жоқ. Әріптестерімен бірге қалуды қалайды.

Яғни, Дмитрий Фофоновтың сөзінен түйгеніміз: үздік үштік Луценко, Власов және Фульсанг кетеді деген қауіп жоқ. Өзге 13 спортшымен де келісімшарт ұзартылады дейді ол. Жалпы команда бұдан былай қатарға жастарды тартуды көздеп отыр. Арасында 2 қазақстандық пен 6 шетелдік бар. Сондай-ақ құрамда канадалықтар көбейеді. Уго Уль 2018 жылдан бері «Астана» сапында өнер көрсетіп жүр. Енді тағы бір шабандоз қосылады.

Асқар Баталов, Samruk-Kazyna Trust ӘЖД қоры бас директорының орынбасары:

- Командада ауыс-түйістің болуы – қалыпты нәрсе. Бірі кетеді, орнына басқа біреу келеді. Бірақ үлкен өзгеріс болмайды, ол анық. Келісімнің ең маңызды тұсы, қазақстандық велошабандоздардың саны өзгермейді, былтыр 9 болды, келер жылы да солай.

Дегенмен жаңа демеуші қордаланған мәселені түбегейлі шешіп бермейді, бюджеттің аздығы – бәрібір қол байлау дейді команда басшылығы. Айта кету керек, веложарыс – табыс әкелетін спорт түрі емес. Ойламай опық жеп қалғандар бар. Мәселен, ресейлік миллиардер Олег Тиньков қаржы құйған командасын 4 жылдан соң таратып жіберді. Ал велоспорт десе ішкен асын жерге қоятындардың ақкөздігі – бұл енді басқа әңгіме. Президент Жан Беланже оған айқын мысал.

Жан Беланже, Premier Tech президенті:

– Premier Tech серіктестік орнатуды 2017 жылы бастады. Себебі компания велоспортқа қатты қызығушылық танытты. «Астана» әлемдегі ең үздік велоклубтың бірі болғандықтан, таңдау соған түсті. Premier Tech команда ішінде атқарылып жатқан жұмысты жақсы біледі. Серіктестікті сенімді ете түсетіні де, міне, осы.

Атау мен имиджің өзгеруі – спорттың бұл түрінде қалыпты жағдай. Оны айтып отырған себебіміз, «Astana pro time» жаңа жылдан бастап «Астана Премьер Тек» деп аталады. Бірақ шабандоздардың киімінің түсі сол күйі қалады. Ал велоспорттан балалар мен жасөспірімдер академиясын құру Қазақ-Канада серіктестігін бекемдей түспек дейді. Қорыта айтсақ, байбалам салатындай велоклубта өзгеріс жоқ. Бұған дейін де Қазақстанның қаржысына өмір сүріп келген. Бұдан кейін де солай болатын секілді. Біз қанша төлейтініміз, канадалықтар қанша төлейтіні ол әзірге жұмбақ.

Авторы: Назерке Тоқжан

Хабар 24 телеарнасы