420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Марадона – допқа, доп Марадонаға еш кедергі келтірмейді...

  • 153
  • UPD: 10:33, 26.11.2020
Марадона – допқа, доп Марадонаға еш кедергі келтірмейді... BBC.com

Төрткүл дүниенің түкпір-түкпірінде қабырғасы қайысқан танымал спортшы, жанкүйер біткен Марадона туралы түрлі естеліктерін бөлісіп жатыр.

Марадонаның ұлылығы туралы көзі тірісінде де талай рет айтылған. Естеріңізде болса, 1986 жылы Мексикадағы футбол тойында Диего Армандо бастаған жігіттер финалда сол кездегі ФРГ-ден 3:2 есебімен басым түсіп, жеңімпаз атанған. Бұл туралы еліміздің танымал спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы «Мен көрген Марадона» атты очерк жазып, өткен ғасырдың үздік футболшысының мундиальдағы өнерін жан-жақты ашып берді. Осы орайда жазылғанына ширек ғасырға жуықтаған мақаланың басты кейіпкері туралы тартымды ойларды оқырманның есіне тағы бір түсіре кетуді жөн көрдік.

* Марадона допты қақпақылдап барады. Қарап тұрсаң, керемет! Аяғы допқа тигені білінбейді. Бейне бір теңбіл допты жетектеп бара жатқандай. Доп жүгіріп бара жатқан Марадонамен қатар домалап барады. Міне, доп алып жүрудің классикалық үлгісі бұл! Марадона – допқа, доп Марадонаға еш кедергі келтірмейді. Қарадай допқа сүрініп кетіп, етпетінен түсетіндер немесе допты бағындыру үшін бір жүгіріп, бір тоқтап жататындар аз ба?! (Несіп Жүнісбайұлы)

* Марадона – бүгінгі футболдың ең биік тұлғасы. Ол бар жағынан үздік. Оның ағылшындарға соққан екінші добы не деген керемет?! Мен мұндай голды өз өмірімде көрген емеспін. Ол допты ортадан алып кеткен де-ақ, біз кірпік қағуға да қорқып, отырып қалдық. Марадонаның бұл жолы көрсеткені футбол төресінің қолынан ғана келеді (Сол Билардо).

* Марадонаны әлемдегі ең үздік футболшы деп жар салғаныма, міне, үш жыл болды. Сендіңдер ме? Мексикада ол менің үш жылғы сөзімді үш-ақ ойында дәлелдеді! (Карлос Билардо)

* Марадонаның біздің қақпаға соққан екінші добы мені… бақытты етті. Голдың қереметтілігі сонша, менің тамағыма тас тығылып, қуаныштан жылағым келді (Бобби Робсон).

* Мексикада Марадона көрсеткен футбол кімді де ес-ақылынан адастырардай. Білмеймін, ол екінші Пеле бола ма, жоқ па, бірақ ұлы бразилиялық жасыл алаңнан кеткен соң, әлемдік футболда пайда болған олқылықтың орнын Марадона ғана толтыра алады (Луис Минотти).

Дайындаған: М.Асылбек

Хабар 24 телеарнасы