419,54 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Данияр Елеусінов әлемдегі үздік 10 боксшының қатарында

  • 153
  • UPD: 12:06, 03.12.2020

Халықаралық бокс федерациясы осындай шешім шығарды.

Жерлесіміз жуырда ғана намибиялық Джулиус Индонгоны жеңіп, осы ұйымның аралық чемпиондық белдігін иемденген еді. Соның арқасында қазақстандық боксшы жаңартылған тізімде 9-шы орынға орналасты. Даниярдың өзі кез келген қарсыласпен жолығып, әлем чемпионы атағына таласуға дайын. Бұл жөнінде әріптестерімізге берген сұхбатында мәлімдеді. Ол күні кеше елордаға оралған болатын. Осы орайда Asianboxing.info сайты қазақстандық боксшы 2021 жылы кездесуі мүмкін былғары қолғап шеберлерінің тізімін жариялады. Ол жерде Сергей Липинец, Давид Аванесян, Кастио Клейтон, Йорденис Угас және Шон Портер сияқты орта салмақ мықтылар бар.

 

Футзалдан ел чемпионатының екінші айналымы аяқталды

Футзалдан Қазақстан чемпионатынының екінші айналымы аяқталды. Командалар 16 ойыннан өткізіп үлгерді. Нәтижесінде «Қайрат» клубы турнир тізімінің топ басындағы орнын сақтап қалды. Алматылық команда соңғы турда «Нұр-Сұлтан» аяқдопшыларымен жолығып, қарсыластар қақпасына жауапсыз 9 доп соқты. Осылайша қайраттықтар 43 ұпай жинап, екінші айналым қорытындысы бойынша да үздік атанды.  Ал команда сапындағы Фернандо Насименто Косме және Эдсон Гомес Дос Сантос сұрмергендер тізімін бастап тұр. Қос ойыншы сәйкесінше, 18 және 17 голдың авторы атанған. Турнир тізімінің екінші сатысына 33 ұпай жинаған Атырау аяқдопшылары орналасты. Алдыңғы үштікті 31 ұпаймен Ақтөбе түйіндеп тұр. Тізімнің ең соңында Көкшетаудың «Оқжетпесі» келеді.

 

Олимпиадалық спорт түрлері бір дирекцияға бірікті

Елордадағы спортқа жауапты басқарма ең алғаш болып осындай бастаманы қолға алды. «Мұндағы мақсат – спортшылар мен бапкерлерге қолайлы жағдай жасап, спорттық жетістіктерді жақсарту», – дейді мамандар. Яғни бұрын спорт мектебі ретінде қызмет етіп келген қос мекеме олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерін дамыту дирекциясы болып өзгертілді. Соған сәйкес жұмыс ауқымы мен мүмкіндіктері кеңейтілді. Мәселен, олимпиадалық спортқа жауапты мекемеге 60-қа жуық спорт түрі мен 2 мыңға жуық спортшы берілді. Жалақы алатын спортшылар саны да еселеп артты. Егер бастама жақын болашақта өз нәтижесін беріп жатса, басқа аймақтарға да үлгі болары анық.

Хабар 24 телеарнасы