430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда спорт саласын тәмамдаған жас мамандар жаттықтырушы болуға құлықсыз

  • 227
  • UPD: 22:35, 08.12.2020

Батыс Қазақстан облысында спорт саласын тәмамдаған жас мамандардың көбі жаттықтырушы болуға құлықсыз. Кадрлар болашақ чемпиондар дайындаудан гөрі, мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ беруді артық көреді. Себебі бапкерлердің жалақысы педагогтармен салыстырғанда әлдеқайда аз. 

Артур Қазбенов 20 жылға жуық уақыттан бері әйелдер күресінен бапкер болып келеді. Қазір өңір құрамасының аға жаттықтырушысы. Өзінің сүйікті мамандығы бойынша қызмет атқарып жүргендіктен, басқа жұмысқа кеткісі жоқ. Алайда жалақысы аздау екенін жасырмады.

Артур Қазбенов, әйелдер күресінен аға жаттықтырушы:

- Жалақы дегенде, енді біздер бұрыннан істеп қалғасын, үйреніп қалғасын жүрміз ғой. Енді былай, жастарға келгенде, жастар келгісі келмейді тренерлік жұмысқа. Қазір алатыным 140 мың.

Ал жеңіл атлетикадан талай байрақты бәсекелерде топ жарған Дәулет Ниетжан биылдан бастап жеткіншектерді шынықтырып жүр. Саладағы еңбек шартына сәйкес, жас маман әзірге төмен жалақы алады. Бапкердің табыс көлемі енді шәкірттерінің жетістігіне байланысты.

Дәулет Ниетжан, жеңіл атлетикадан жаттықтырушы:

- 8-12 жастағы жасөпірімдерді дайындап жатырмыз қазіргі таңда. Шыны керек, балалар өте керемет. Балалармен жұмыс жасаған өзіме қатты ұнайды. Сол себепті осы саланы таңдадым десем де болады. Чемпион дайындау үшін біраз уақыт кетеді. Енді кемінде 1-2 жыл уақыт кетеді. Содан кейін барып жалақы көбейеді негізінен.

Қос кейіпкеріміз де қазіргі жұмысын жақсы көреді. Еңбек жолдарын бапкерлікпен тоғыстырған осы қасиет. Әйтпесе сала мамандарының көбі жаттықтырушы болғысы келмейді. Жас кадрлар мектепте сабақ беруді қалайды. Педагогтардың еңбекақысы 2 есе жоғары. Биыл спорт саласында қызметкерлер саны қысқартылып, үнемделген қаражат жалақыны ұлғайтуға бағытталған еді. Алайда тағы да қаржылық қиындық туындады.

Қаймен Есендияров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Жыл басынан бастап жаттықтырушылардың жалақысы 25 пайызға артқан болатын, алайда күні бүгінге дейін жергілікті бюджетте қаражат тапшылығына байланысты бапкерлеріміз үстемақысын уақытында ала-алмай келді. Желтоқсан айында республикалық бюджеттен трансферт арқылы қаражат бөлініп, қаңтар-желтоқсан айларындағы барлық үстемақыны толық төлеп, бапкерлерімізді қуанышқа бөлейміз бе деп күтіп отырмыз.

Облыста балалар мен жасөспірімдерге арналған 23 спорт мектебі бар. Онда 600-ге жуық жаттықтырушы қызмет атқарады. «Жалақы тағы өссе, жұмысқа деген ынтамыз одан әрі артар еді» дейді бапкерлер. Олар келер жылдан үмітті.

Еркебұлан Смадияров, Руслан Ғазезов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы