419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Таразда «Ұлан» спорт кешені ел игілігіне берілді

  • 122
  • UPD: 20:36, 26.12.2020

Таразда «Ұлан» спорт кешені пайдалануға берілді. Нысан толықтай күрделі жөндеуден өткізіліп, заман талабына сай етіп қайта жаңартылды. Мұнда бір мезетте жүздеген адам спортпен шұғылдана алады. Кешен қала тұрғындарына жаңа жыл қарсаңында мерекелік тарту болды. Айта кету керек, бұл биыл өңірде ел игілігіне берілген оныншы спорт кешені. 

«Ұлан» спорт кешені Қойгелді мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысында тұр. Бұл шаһардың халық тығыз орналасқан аумағы. Бұған дейін нысанның іші де, сырты да әбден ескіріп, жаттығу жасауға қолайсыз болатын. Мемлекеттен 185 миллион теңге қаражат бөлініп, толықтай жөнделді. Бұл спортшылар мен тұрғындарды қуантып отыр.

Руслан Жапаров, спортшы:

- Жаңа жерде, жаңа саймандармен жұмыс істеу ол жас спортшыға жас спортшыға өте жоғарғы мотивация болып саналады үлкен белестерді бағындыруға. Және де мен сенімдімін одан ары осындай жағдаймен әлемдік деңгейде, Азия деңгейінде бағындыратын спортшылар көп шығады ғой деп.

Мұнда бір үлкен және 4 кіші футбол алаңы, екі күрес, бокс, карате сынды спорт түрлеріне арналған залдар бар. Спорт орталығының базасы толықтай заманауи стандарттарға сай етіп жасалған. Енді бұл жерде республикалық деңгейде жарыстар мен жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік туып отыр.

Нұрбол Жүнісбеков, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Залдары кішілеу болған. Мына жерде халық көп шоғырланған. Бұрын мұндай кешен бұл аумақта болмаған. Одан бөлек бұл жерде футболымыз бар, регбиіміз бар. Жеңіл атлетикамыз бар. Одан да балаларымыз үлкен үміт күттіреді. Сондықтан осы ғимарат осы жерге соғылған болатын.

Жалпы биыл аймақта осындай 13 спорт кешенін салу жоспарланған. Бұл құрылысы аяқталған оныншы нысан. Қалған үшеуі жыл соңына дейін ел игілігіне берілмек. Одан бөлек 92 шағын спорт алаңшасы салынды. Айта кету керек, соңғы жылдары облыста бұқаралық спорт дамып келеді.

Облыстық спорт басқармасының мәліметінше, өңірде спортпен тұрақты шұғылданатын адам саны 32 процентке жеткен. 

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы