423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордалық желаяқтар аязға қарамастан 10 шақырымды артта қалдырды

  • 145
  • UPD: 15:37, 27.12.2020

Елордалықтар бүгінгі демалысын жүгіріп өткізді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұқаралық спортты дамыту мақсатымен ұйымдастырылған жарысқа 300-ге тарта адам қатысты.

Шымырлаған аяз шымыр ниетті елордалықтарды тоқтатар емес. 10 шақырымды еңсеру қажет. Межелі мақсат орындалып та жатыр.

Жарты жылдай үйде отырып жалыққан жандар үшін бұл – үлкен мереке. Жарыс талабына сай әр қатысушы өзіне ғана бәсекелес болса да, арғымақтай жортып келеді.

Айдын Сапарханов, жарыстың бас төрешісі:

– Жарыс барлық санитарлық талапқа сай өтіп жатыр. Спортшылардың ара қашықтары – 2-3 метр. Старттан шыққанда әр спортшылар 15-20 секунд аралығында жүгіріп өтеді. Велоспорт, триатлон, жеңіл атлетика үш федерация меморандумға қол қойдық. Яғни алдағы уақытта біз көптеген осындай іс-шара ұйымдастырамыз.

Азель Сейітова үшін де ерекше сәт туды. Спортқа енді келген италия тілінің аудармашысы бар-жоғы бір сағатта 10 мың метр қашықтықты жүгіріп өтті. Шаршау дегенді білмейтін ару келешекте олимпиада медалін тағуды армандайды.

Азель Сейітова, жарысқа қатысушы:

– Жүгіре бастағанда бәрі жақсы болды. Талаптарды орындадым, қиналмадым. Бірақ 8-9 шақырымда ентігіп қалғаным рас. Берілген жоқпын. Жаттықтырушым демеп жіберді. Бұл мен үшін үлкен жетістік.

Қатысушылардың бәрі бірдей спортшы емес. Бұл жарыста салауатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты дамытуды қалайтындар бас қосты.

Айбек Смадияров, жарысқа қатысушы:

– Коронавирус деп бәрін тоқтата салу бір жағынан дұрыс та шығар. Бірақ ұйымдастырушыларға көп рақмет. Бір-біріне кедергі жасамай, қатысушылардың бәрі он шақырым жүгіріп шықты. Сондықтан бәрін осындай жарыстарға қатысуға шақырамыз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарды марапаттау онлайн форматта өтеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Аят Елшін

Хабар 24 телеарнасы